Ынтымақты отбасы
(Өсиет әңгіме)
Өткен замандарда бір үлкен отбасы өмір сүріпті. Отбасындағы адамдар саны өте көп екен, олар бір қауым ел болып бірге тұрыпты. Бұл отбасының өзара татулықта өмір сүруі елді таңғалдырады. Оларда ұрыс-керіс, дау-жанжал деген атымен болмайды екен. Бірде бұл отбасы жайлы патшаның құлағына да жетеді. Патша естігенін анықтау үшін, сол ауылға келеді.
Ауыл тап-таза, барлығы да жеткілікті, тыныштық пен береке қонған. Патшаның көңілі толып, ерекше бір шаттыққа бөленеді. Сыйластығы жарасқан ынтымақты отбасында қариялардың орны төрде, уайым-қайғысыз, балалары бақытты, мәз-мейрам екен. Бұған патша таң-тамаша болады. Отбасының қалайша бақытты, тату-тәтті өмір сүруінің мәнісін білгісі келеді.
Ауыл ақсақалына келіп, отбасындағы татулық пен бірлікке қалай жеткендерін айтуын өтінеді. Қарт үнсіз ғана жүз рет «сүйіспеншілік», жүз рет «кешірім», жүз рет «бірлік» деп қағазға мұқият жазып шығады.
Үш сөзді оқыған патша таңғалып:
– Бәрі осы ғана ма?– деп сұрайды.
– Иә. Барлық ынтымақты отбасылар тек осы қасиеттерден құралады, – деді де, сәл ойланып «шыдамдылық» деген сөзді қосып қойды.