Әлемнің жеті кереметі
Адамзат тарихында сәулет және мүсін өнері шеберлерінің қолымен жасалған асыл мұралар – әлем кереметтерінің саны жетеу.
Біздің заманымыздан бұрынғы VI ғасырда Вавилонда сәулет өнері жаңа дәрежеге көтеріледі. Вавилонның көшелері таңның атысы, күннің батысы жан-жақтан келген саяхатшыларға толады. Саяхатшылар әңгімесінің басты тақырыбы – патша сарайындағы таңғажайып тамаша аспалы бақ болған. Оны Вавилон патшасы Навуходоносор сүйікті әйелі Семирамидаға арнап салған деседі. Патша әмірімен отырғызылған бұл әсем бақ өз заманында талайдың таңдайын қақтырып, «Әлемдегі жеті кереметтің» бірі аталды.
Біздің дәуірімізге жеткен жеті кереметтің бірі – Мысыр (Египет) пирамидалары. Хеопс пирамидасын нағыз керемет десек қателеспейміз. Оның биіктігі – 147 метр. Әр қырының ұзындығы – 235 метр, пирамиданың алып жатқан алаңы – 55 мың шаршы метр. Көне тарихтың мызғымас куәсі болған пирамидалар уақыт сынынан өтіп, әлі де талай ұрпақтың тамашалап қарайтын сәулет ескерткіші ретінде қала береді.
Көне грек мүсіншісі Фидий биіктігі 17 м, көз тартатын Зевс мүсінін піл сүйегін алтынмен қиыстырып жасаған. Алтын тақта еркін отырған Зевстің қабағы қатулы, жүзі ызғарлы. Бірақ үңіліп қараған адамға көз жанарынан адамдарға деген мейірбандық ұшқындағандай … Кейінірек Зевс мүсінін Грекиядан Константинопольге (қазіргі Стамбұлға) көшірген. Мүсін сонда өртеніп кеткен.
Артемида ғибадатханасы – Ежелгі Грекия сәулет өнеріндегі шоқтығы биік үлгілердің бірі. Оның атағы ел ішіне кең тарап, аңызға айнала бастайды. Грекияда осы ғибадатханаға ұқсас құрылыстар бой көтереді. Алайда Артемида ғибадатханасының ғұмыры ұзаққа бармаған. Қараңғы түндердің бірінде белгісіз біреу сәулетті сарайдың төрт бұрышынан от қояды.
Эгей теңізінің Родос аралында IV ғасырларда жүзге тарта ірі ескерткіштер салынады. Солардың ішінде ең көрнектісі – Родос алыбы. Родос тұрғындары күн құдайы Гелиосқа ерекше табынғандықтан, оның бейнесін күміс ақшалардың бетіне салып, дәріптеген. Қоладан құйылған алып мүсіннің биіктігі 35 метр болған. Алайда аралда болған қатты жер сілкінісінен кейін ескерткіштің күл-талқаны шыққан.
Әлемнің жеті кереметінің бірі – Галикарнас кесенесі. Оны грек еліне белгілі әйгілі қолөнерші, мүсіншілер тұрғызған. Кесене екі қабатты, бірақ айтарлықтай биік болған. Биіктігі 40–45 метрлік кесене көптеген мүсіндермен көркемделген.
Көне дәуірде Александрия маягінен (бағдаршырақ) ірі құрылыс ешбір жерде, ешбір елде бой көтермеген болатын. Тұтас мәрмәр тастан қашалған, қалыптан шыққандай қаланған маяктың биіктігі 150 метр болған. Ол өлім мен өмір, от пен оқ арасында жанын шүберекке түйген теңізшілерге үміт шырағындай еді. Тастай қараңғы түндерде шексіз-шетсіз теңіз үстіндегілерге талай-талай жол сілтеп, бағыт берген.
(Б. Мекішов. «Әлемнің жеті кереметі»)