ТАРИХ ҚОЙНАУЫНДА

Қандай тарихи тұлғаларды білесің? Олардың ел тарихындағы рөлі қандай?

1-тапсырма. Мәтінді тыңдап, астарлы ойды анықта.

2-тапсырма. Тыңдалған мәтіннен ең қажетті ақпараттарды анықтап, сұрақтарға жауап бер.

• Елбасының «Бабаларын қалтықсыз қастерлей білген халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ» деген сөзін қалай түсіндірер едің?
• Кімдерді ұлы тұлғалар дейміз?
• Ата-баба мұралары туралы не айтар едің?
• Біз үшін ең маңызды мұра деп нені бағалайсың?

3-тапсырма. Бірінші бағандағы сөйлемді өз сөзіңмен алмастырып жазып, көтерілген мәселені болжап айт.

4-тапсырма. Сөйлемдерді көшіріп жазып, көнерген сөздердің мағынасын түсіндір.

   Аңшы Мүсіреп Есеней байға жарамсақтанып, жігіттің арызын аяқтатпай, киіп кетті:
   – Тоқта деген соң, сүйреңдемей тоқта, бала! Ауылыңа сәлем айт, Есеней аға сұлтанның ат тұмсығын тіреген жерге таласып әуре болмасын! – деді (Ғ. Мүсірепов). Аламандардың киім үлгісі, сауыт-сайман, қару-жарағы да ала-құла. Біреу көбе, біреу бадана, енді біреулері тот басқан ескі кіреуке киіп алыпты (Қ. Жұмаділов).

5-тапсырма. Суреттердегі тарихи тұлғалар туралы энциклопедия, газет-журналдардан ақпарат тауып, диалог құрыңдар. Алынған материалдың авторына сілтеме жасап, өз ойларыңмен жалғастырыңдар.

Абылай хан

Әбілқайыр хан

Қасым хан

6-тапсырма. Төмендегі сөйлемдерден көнерген сөздерді тауып жаз. Олардың тарихи сөз немесе архаизм екенін анықта.

   Хан енді шетелдерден келген елшілерді қабылдайтын болды. Әр елшіні екі қарынан екі сарай төрешісі қолтықтап ханға қарай алып жүрді. Елшілер оншақты адым қалғанда оң тізелерін бүгіп, қол қусырып, бастарын иіп тағзым етті. Қапталда отырған уәзірлер орындарынан тұрып, шетелдік меймандарды қолтықтарынан демеп, ханға беттеді, төрт-бес аттаған соң, тағы да кідіріп, тағзым етті. Елшілер уәзірлер отырған сәкіге қарама-қарсы қойылған биік сәкіге барып жайғасты.

(Ә. Кекілбаев)

7-тапсырма. Мәтінді оқы. Жүсіп Баласағұн туралы қосымша мәлімет ізде.

Жүсіп Баласағұн

   Қазақ даласынан шыққан ойшылдардың көрнекті өкілі Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны қазақтың тарихы, мәдениетімен сабақтасып, өмір шындығын баяндауымен дараланады.
   «Құтты білік» дастаны – өзінің тарихи мәнін еш уақытта жоймайтын рухани мұра. Әділетті басшы басқарған, ізгілік орнаған қоғамда өмір сүру қай кезеңде болмасын, адам баласының ізгі арман-мұраты болған. Әр халықтың өзге жұртқа ұқсамайтын бітім-болмысы, өзіндік тағдырын айқындайтын басты ерекшелігі болады.
   Жүсіп Баласағұн өзінің құнды мұрасында адамгершілікті, адалдықты, адамды сүюді жырлайды. Дастандағы негізгі идея – ел мүддесін ойлайтын адал басшының бейнесін көрсету арқылы әділетті қоғам орнату, мемлекетті дұрыс басқару, білімді игеру, ақылды, қанағатшыл және ізгілік, кісілік қасиеті бар тұлға тәрбиелеу. Дастанға тән ерекшелік – адамгершілікті насихаттау.
   Ұрпақтан ұрпаққа мұра боп қалған бұл дастанда қоғам туралы, адам баласының асыл қасиеті – ізгілік туралы айрықша жырланады. Ұлттық тәрбие құндылықтарын жас ұрпақ бойына сіңіруде Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны үлкен рөл атқарады. Өз заманынан озық туған ұлы тұлғаның «Құтты білік» дастаны – тәлім-тәрбиелік құндылықтың қайнар көзі. Бұл дастан адам баласын ізгілікке, имандылыққа үндейді, рухани тазалыққа шақырады.

(Н. Келімбетов)

8-тапсырма. «Құтты білік» дастаны – тарихи мұра» тақырыбына жоба дайында. Жоба мәтінінде көнерген сөздерді пайдаланып, олардың мағынасын түсіндір.

Үлгі:
– Жобаның мақсаты мен міндеттері
– Мәселенің өзектілігі
– Орындалу әдісі және нәтижесі

9-тапсырма. Қазақ халқынан шыққан бір тарихи тұлғаның өмірбаянын жаз. Сөйлем ішінде көнерген сөздердің орынды қолданылуын қадағала.

10-тапсырма. Көнерген сөздерді мағынасына қарай бағандарға орналастыр. Ережеге сүйеніп дәлелде.

   Хан, патша, дүрия, сауын айту, уәзір, би, аға сұлтан, болыс, торқа, биқасап, садақ, жебе, найза, адырна, бесік құда, сауыт, ай-балта, барымта, патсайы, лашық, жаппа, шидем, күпі, сәукеле, саптыаяқ, кебеже.

11-тапсырма. Берілген сұрақтарға сәйкес «Тарих қойнауында» тақырыбына мәтін жаз, оған қарапайым жоспар құр.

1. Қазақ тарихындағы тарихи тұлғалар туралы қандай ақпарат білесің?
2. Қазақ халқының ұлы тұлғалары туралы қандай шығармаларды оқыдың?
3. Әлемге танымал ұлы ойшылдардың қандай еңбектерін білесің?
4. Өз еліңді құрметтеу неден бастау алады?

12-тапсырма. «Семантикалық карта» стратегиясы бойынша тілдік бағдар айдарындағы ережелердің өзіне тән ерекшелігін, қызметін, маңызын талда.

13-тапсырма. Сабақта алған әсеріңді, ойыңды төмендегі кестеге сәйкес жаз.

×
×

Cart