БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ

Суреттерді өзара байланыстырып, әңгіме құра.

1-тапсырма. Мәтінді тыңда.

2-тапсырма. Сұрақтарға жауап бер.

1. Зәмзәм суының ерекшелігі неде? Қандай су ішуге жарамды? Ол жайында не білесің?
2. Бұлақтан, қайнардан су ішіп көрдің бе?

Білгенге маржан

   Кәдімгі арналы өзендер, үлкен-үлкен дариялар тұма, бұлақтардан бастау алады.

3-тапсырма. Өлеңді жаттап ал. Өздік есімдігінің түрлену себебін түсіндір. Өздік есімдігін қай сөзбен ауыстыруға болатынын/болмайтынын дәлелде.

Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана бағынам,
Өзім – күнмін, өзім – от,
Сөзім, қысық көзімде от,
Өзіме өзім табынам.

(М. Жұмабаев)

4-тапсырма. Диалогті оқы. Ауызекі сөйлеу тілінің ерекшелігін анықта.

   Қара шал не заматта көк шалғынды құйқалы өңірге ат басын бұрған. Төбе бауырындағы шоқ жидеге жетіп аттан түскен. Шөбі қалыңдау тұсқа еңкейе үңілген.
   – Обал-ай, бітеліп қапты, – деді басын шайқап.
   – Ата, ол не?
   – Тұма ғой, балам. Соңыра көзін аршиық. Ақсын сылдарап.Адамдардан аялы алақан күтіп жатыр-ау!
   – Тұма деген не, ата?
   – Балам, тұма – судың көзі. Бұлақ пен өзеннің басы. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөз бар қазақта. Бес-алты жылдай бұ жаққа ат ізін салмап едім, көрдің бе, шөп-шалам басып қалғанын. Сусырап отырған жоқпыз. Бірақ тұщы, мөлдір бұлақ суына жете ме?! Даланың аң-құстары да ішіп, рақаттансын! (Т. Әбдірайым)

5-тапсырма. Мәтінді салыстыра оқы. Ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктерін анықта.

1-мәтін

Таза бұлақ

   Үш жолаушы бір бұлақтың басында бір-біріне кез бопты. Бұлақ бір тастақ жерден шыққан, айналасы қалың біткен ағаш жапырақтары бұлақтың үстіне төгіліп, суы мұздай, салқын, шыныдай жылтылдап тұрған сонша әдемі, таза бұлақ екен. Су шыққан жеріне бір қазандай тасты біреу ойып қорғаныш қылып, тастың суағар жеріне жазу жазыпты:
   – Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол, – деп. Манағы үш жолаушы бұлақтан ішіп қанған соң жазуды оқып, біреуі саудагер екен, ол айтты:
   – Бұл жазылған ақыл сөз екен, бұлақ күн-түн тынбай ағып, алыс жерлерге барады, бара-бара кеңейіп, үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, сөйте бара үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мұрат сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең, ақырында, сен де зорайып мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін, – деді.
   Жігіт айтты: – Менің ойыма бөтен бір нәрсе келеді: бұл бұлақтың суы бір орында тынып тұрып, шөп-шалам түсіп, лай-қоқым болса, бұған адам мен айуан мұнша ынтық болмас еді; бұлақ күні-түні тынбай ағып тазаланып тұрғаны үшін ынтық болады. Олай болса, жазудың мағынасы: көңіліңді, өз бойыңды осы бұлақтай таза сақта дегені ме деймін, – деді.

(Ы. Алтынсарин)

2-мәтін

Бұлақ

   Бұлақ, бастау – жер бетіне шығып жатқан табиғи жерасты су көзі. Бұлақтар әртүрлі белгілері бойынша тұма, қайнар, термалды бұлақ, жалғасты бұлақ және т.б. бірнеше топқа бөлінеді. Суы тұщы, әсіресе, мол өнімді бұлақтар елді мекендерді ауыз сумен, шаруа қожалықтарын керекті сумен қамтамасыз етуге, жер суаруға кеңінен пайдаланылады.
   Бұлақтың арынсыз және арынды түрлері бар. Арынсыз бұлақ ылғалды жылдарда, көктемде қар ерігеннен кейінгі және жауын-шашынды кезеңдерде жер бетіне таяу жатқан су деңгейінің көтерілуінен пайда болады. Оны әдетте «тұма» деп атайды. Арынды су көзі артезиан (арынды) суынан бастау алып, тау-тастардың терең жарықтарынан шығады, оны қайнар деп атайды. Мұндай су көзінің өнімі, температурасы минералдық тұмаға қарағанда тұрақты келеді.

(«Атамекен» кітабынан)

6-тапсырма. Оқылым мәтіні бойынша сұрақтарға жауап бер.

1. Бұлақ қалай пайда болады?
2. Тұма және қайнар, бұлақтардың бір-бірінен айырмашылығы неде?
3. Бұлақтың қандай пайдасы бар деп ойлайсың?
4. Мәтін не себепті «Таза бұлақ» деп аталған? Өз пікіріңді айт.
5. Өзің қай жолаушының жауабын дұрыс деп шештің? Себебін дәлелде.
6. Екі мәтіннің тілдік ерекшеліктерін салыстыр. Не байқадың?

7-тапсырма. Мәтіннен болымсыздық есімдіктері қолданылған сөйлемдерді көшіріп жаз.

8-тапсырма. Сөйлемдерді көшіріп жазып, болымсыздық есімдігінің түрлену себебін түсіндір.

1. Ештеңе естілмейді. 2. Ешқайсысының бізге керегі жоқ. 3. Мен мектепте ешкімді де кездестіре алмадым. 4. Олардың ешқайсысынан әлі хабар жоқ. 5. Үнемі ешқандай өзгеріссіз бір қалыпта тұратын нәрсе болмайды. 6. Айнала тып-тыныш, ешбір дыбыс естілмейді. 7. Бұл сөзді бұдан бұрын ешқашан естіген емен.

9-тапсырма. Болымсыздық және өздік есімдіктерін төмендегі сөздермен байланыстырып, кестені бес минутта толтыр.

10-тапсырма. Мәтіндегі есімдіктерді дәптеріңе теріп жаз.

11-тапсырма. Сабақта алған әсеріңді төмендегі кестеге сәйкес айтып бер.

×
×

Cart