ЖЕР-СУДЫҢ АТЫ – ТАРИХТЫҢ ХАТЫ

1. Сен өз туған жеріңдегі өзен атауларын білесің бе?
2. Олар не себепті сондай атауға ие болған?
3. Жер-су атаулары туралы қандай аңыз, әңгімелерді, өлең-жырларды білесің?

1-тапсырма. Мәтінді тыңда.

2-тапсырма. Сұрақтарға жауап бер.

1. Мәтінге ат қой. Не себепті олай атадың? Дәлелде.
2. Балқияның әкесі қандай адам деп ойлайсың?
3. Қазіргі Балқаш көлі туралы тағы қандай аңыздар білесің?

3-тапсырма. Суретке қарап ой толға. Қарамен берілген сөздерге назар аудар.

   Бөлмеде кім бар? Бұл заттардың барлығы осы бөлмеде неге тұр? Кейбір заттар неге олай орналасқан? Әлдебіреулер оны шашып кеткен бе? Бөлмеде бүлініп қалған заттар бар ма?

4-тапсырма. Бәрі, барлық, барша, бүкіл, күллі деген жалпылау есімдіктерін қолданып, өзен-көлдерге қатысты 5 сөйлем құрап жаз.

5-тапсырма. Мәтінді оқы.

   Алакөл – Қазақстанның ғажайып, қайталанбас көрікті көлдерінің бірі. Ол республикамыздың Қытаймен шегаралас жатқан оңтүстік-шығыс аймағында орналасқан. Бұл – «Алакөлдер» тізбегіндегі ең үлкен айдын. Күн батар сәтте оның беті ақ түстен көгілдірге, жақұтты бояуынан құбыла ойнап, күңгірт-көк реңкке немесе сұр бояуларға ауысады. Кейде тіпті көл айдынының жартысы көгілдір түске, екінші беті сүттей аппақ бояуға малынып та тұруы мүмкін. Көл суының түсін бір қарағанда анықтау қиын. Ұсақ көлдердің түсі алуан түрлі болады. Айталық, Сасықкөл көгілдір түсті, Қоржынкөл сұрғылт, Қылытұз сары. Жергілікті тұрғындар көлді пішінінің, түсінің, көлемінің әртүрлі болғаны үшін «Алакөл» деп атап кеткен. Алакөл Ұялы, Жалаңашкөл, Сасықкөл және т.б. ұсақ көлдерден тұрады.
   Алакөл – емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Мұндағы Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып, жағасындағы адамға жағымды әсер береді. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденген. Алакөлдің суы тұзды және Бұқтырма су қоймасымен салыстырғанда, әлдеқайда жылы. Адамдар Алакөлге оның емдік қасиеті үшін көптеп келеді. Халық сөзіне сүйенетін болсақ, оның қасиетті суы әртүрлі тері аурулары, жүйке-жүйе мен демікпе дерттеріне шипа көрінеді. Бұл өлкеде емдік қасиеті мол сазбалшық пен таза ауа үйлесім тапқан.

(«Қазақстанның қорықтары мен ұлттық парктері» кітабынан)

6-тапсырма. Сұрақтарға жауап бер.

1. Алакөлді не себепті ғажайып көл деп атаймыз?
2. Көлдің емдік қасиеті неден байқалады?
3. Бүгінде Алакөл қандай орталыққа айналды?

7-тапсырма. Төмендегі сөздер мен сөз тіркестерін сызбаға сәйкес бөліп жаз.

   Үлгі: Негізгі ақпарат беретін сөздер: көрікті көл

   Ақ, күңгірт, сұр, көк, Алакөл, ұсақ көл, емдік қасиеті, құрғақ ауа, дымқыл ауа, химиялық элементтер, суы тұзды, суы жылы, үлкен айдын.

8-тапсырма. Оқылым мәтіні бойынша «Алакөлге» анықтама жаз.

9-тапсырма. «Алакөл – демалыс орны» тақырыбында туристерді шақыру мақсатында жәрмеңке жаса. Өз сөзіңде белгісіздік, жалпылау есімдіктерін қолдан. Төмендегі талаптарды орында.

1. Алакөл туралы жалпы мәлімет бер.
2. Көлдің артықшылықтарын айт.
3. Неліктен Алакөлде демалу керек? Өз ойыңды айт.
4. Өз сөзіңде мақал-мәтелдер, қанатты сөздер мен қызықты деректерді қолдан.

10-тапсырма. Есімдіктерді түрлеріне қарай топтастыр, жұбыңмен бірге кестені толтыр.

   Кейбіреу, нешеу? күллі, қалай? біреу, әрбір, тегіс, қай? кімдер? барша, әлдене, бірнеше, қайсібір, қалайша? бірдеме.

11-тапсырма. Сын есімнің орнына қолданылып тұрған белгісіздік есімдіктерін сұрақ қоя отырып анықта. Сөйлемдерді көшіріп жаз.

   1. – Қазақстан! – деймін ішімнен әрбір қарпіне көңіл құлағын тосып. 2. Ол қайсыбір сәттерде көңілі құлазып, жүрегі сыздап, ауылды аңсап отыратын еді. 3. Кейбір құрбы бүгін тату, ертең бату. 4. Жанынан әлдебір сұлба көлбеңдеп өткендей болды. 5. Әрбір адамның өз пешенесіне жазылған тағдыры бар, кейбірі өзінің өмір жолында бұйырған адамына жолығады. 6. Оның осы әрекетіне кейбір адамдар налыды.

12-тапсырма. «Төрт сөйлем» тәсілін пайдалана отырып, сабақ бойынша түсінгеніңді жаз.

Пікір. Оқыған мәтін бойынша өз пікіріңді бір сөйлеммен жаз.
Дәлел. Өз пікіріңді бір сөйлеммен дәлелде.
Мысал. Пікіріңді өмірмен байланыстырып бір мысал келтір.
Қорытынды. Тақырып бойынша қорытынды жаз.

×
×

Cart