ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ КОНЬКИШІСІ

Мәнерлеп сырғанау өнері туралы не айтасың? Әлемдік, қазақстандық коньки спортының шеберлері кімдер? Олар туралы не білесің?

1-тапсырма. Тыңдалым мәтіні бойынша төмендегі жылдарда жасырылған оқиғаларды айтып бер.

2-тапсырма. Мәтін құрылымына талдау жаса.

3-тапсырма. «Мәнерлеп сырғанау өнерінің шебері» тақырыбында диалог құрыңдар. Диалогте етіс жұрнақтарын және төмендегі сөз тіркестерін қолданыңдар.

   Денис Тен 1993 жылы туған, теннис, акробатика, таэквондо, каратэ және жүзумен айналысқан, музыка мектебі, ән салған, 2014 жыл, Сочи Олимпиадасы, қола жүлдегер, 2013 жыл, әлем чемпионаты, күміс медаль, 19 жас.

4-тапсырма. Суреттегі оқиғаларды айтып бер. Іс-әрекетті сипаттауда етістіктің ырықсыз етіс түрін қолдан.

Үлгі: еден жу-ыл-ды

5-тапсырма. Мәтінді оқы.

Қос олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ конькишісі

   Қазақ топырағы қашанда дарындарға кенде болған емес. Солардың ішінде қаракөз қазақ қыздарының орны бөлек. Коньки спортынан еліміздің намысын қорғаған Кенжеш Сәрсекенова 1992–1999 жылдар аралығында ұлттық құрама команда сапындағы жалғыз қазақ қызы болды. Кенжеш Сәрсекенова – Қазақстанның 5 дүркін чемпионы.
   Атам қазақ жылқы және аң терісінен шаңғы жасап, қатынас құралы ретінде пайдаланған. Ал аяғына коньки байлап, мұзайдынында додаға түскен адамдарды қазақ тарихынан оқыған жоқпыз. Кеңес өкіметі тұсында да қазақ конькишілерінің аты шыға қойған жоқ. Кенжеш Сәрсекенова туған жері Шығыс Қазақстан өңірінен 1985 жылы Алматыға келіп, әркім бағындыра алмайтын конькиге құрық тастап, асау спорттың жалына қол салыпты. Аз жылдың ішінде айдын төсіне бауырын төсей қалықтап, жұлдыздай аққан аруымыз қазақ қыздарының да коньки теуіп, ел намысын байрақты бәсекелерде қорғай алатындығын дәлелдеді. Ол – коньки тебу спортынан қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, жұмыр жердің небір жүйріктерімен сынға түскен саңлақ, конькиден екі бірдей Олимпиадада бақ сынаған тұңғыш қазақ қызы.

(«Қазақ олимпиадашылары» кітабынан)

• Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спорты қаншалықты дамыған деп ойлайсың?
• Мәнерлеп сырғанау өнеріне қазақ қыздарының қосқан үлесі қандай?
• «Атам қазақ жылқы және аң терісінен шаңғы жасап, қатынас құралы ретінде пайдаланған» деген сөйлемдегі ойды дамыт.
• Коньки спортын дамыту үшін не қажет деп есептейсің? Өз пікіріңді дәлелде.

6-тапсырма. Төмендегі К. Сәрсекеновамен болған сұхбатты оқып, мәтіннің стильдік ерекшеліктерін талда. Кейіпкердің жетістіктерін дәптеріңе жаз.

   – Сізді қазіргі жастардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Әңгімені өзіңізді таныстырудан бастасаңыз?
   – Мен Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының тумасымын. Көпбалалы отбасында дүниеге келдім.
   – Сіз Алматыға барғанда бірден коньки спортын таңдадыңыз ба?
   – Жоқ, мен ол кезде жеңіл атлетика түрлерінің біріне қабылдансам деп ойлаған болатынмын. Аяғыма коньки байлап көрмеген кезім. Тіпті конькиді қолыма ұстап көрмеппін. Не де болса, көрейін деп тіркеліп, барлық тексерулерден өтіп, интернатқа оқуға түстім.
   – 13 жылда қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
   – 1989–1990 жылдары Қазақстанның жастар чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы атандым. 1992 жылы коньки спортынан спорт шебері дәрежесіне жеттім. 1992–1994 жылдары Әлем кубогының кезеңіне және әлем чемпионаттарына қатысып, 1994 жылы Қазақстан құрама командасының үздік спортшылары қатарында Лиллехаммерде өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына және 1998 жылы Наганода болған XVIII қысқы Олимпиада ойындарына қатыстым.

(«Спорт» журналынан)

7-тапсырма. Оқылым мәтіні бойынша қарапайым жоспар құр. Үлгіні пайдалан.

8-тапсырма. Ырықсыз етіс жұрнағын жалғап, етістіктерді дұрыс жаз.

   Ел намысы … (қорғау), аң терісінен шаңғы … (жасау), аяғына коньки … (байлау), олимпиадада бақ … (сынау), жеңіл атлетикаға … (қабылдау), бірнеше дүркін жеңімпаз … (аталу).

9-тапсырма. Өлеңдегі ырықсыз етістің жұрнағын түбірден және өзінен кейінгі қосымшадан дефис арқылы бөліп жаз.

Құм Нарын қабат-қабат қатарланған,
Қоңында қарағайы қалқаланған.
Гүрілдеп бір жағында Каспий жатыр
Айдынды, аспанды орай алқаланған …
Теңізге теңбіл аспан төңкеріліп,
Толқында жұлдыз жүзіп жөңкеріліп,
Керілген кең Каспийдің жарын керней,
Көпірген күміс көбік көмкеріліп.
Жарына соғып толқын толқынданып,
Толқында көлеңкесі алтынданып,
Аймалап аспан көктің дариясында,
Алтын ай бейне жүзген алтын қайық.

(Т. Жароков)

Білгенге маржан

   2012 жылы спортшы Жазира Жаппарқұл қазақ қыздары арасында ауыр атлетикадан тұңғыш Әлем чемпионы атанды.

10-тапсырма. «Шығу парағын» пайдаланып, төмендегі сұрақтарға жауап

бер.

1. Бүгін не үйрендім?
2. Сабақ бойынша нені түсінбедім?
3. Келесі сабақта қандай мәселеге көңіл аудару керек?

×
×

Cart