АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ БАЛА ДЕГЕН...

Сурет бойынша өз пікірлеріңді айтып, ой бөлісіңдер.

1-тапсырма. Мәтінді тыңдап, сұрақтарға жауап бер.

1. Неліктен кәрістер балаларды «төзімділікке», қытайлар «қанағатшыл болуға», американдықтар «өз бетінше өмір сүруге», еврейлер «көп шағым айтуға жол бермеуге» баулиды деп ойлайсың?
2. «Бұзықтық жасаған балаларды жазалайды» деген пікірмен келісесің бе? Өз ойларыңды ортаға салыңдар.
3. Ата-анаң сенің қандай адам болуыңды қалайды? Ал сен өзіңді қандай баламын деп ойлайсың?

2-тапсырма. Тыңдалым мәтіні бойынша 5 сұрақ қойып, жұпта/топта диалог құрыңдар.

3-тапсырма. Сөйлемдерден мезгіл үстеулерді тауып жаз.

1. Ол Дәуленді шығарып салғаннан кейін ертең болатын сабағына ұзақ әзірленіп, кеш жатты (С. Мәуленов). 2. Күздігүні жерді жыртып тастауға қол босамады (Ғ. Мұстафин). 3. Әуелде ұзын бойлы, ашаң жүзді аққұба әйел еді (М. Әуезов). 4. Ертеңіне Бораш Москва консерваториясына жүріп кетті де, мен баяғы шаштаразға келдім (Ғ. Мүсірепов). 5. Жуырда болып өткен ақындар айтысында бірнеше жас талапкер есімі белгілі болды. 6. Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар бай (Абай).

4-тапсырма. Мәтінді мәнерлеп оқы.

   Шілдехана – жаңа туған нәрестенің құрметіне арналған той. Оған көбінесе жастар жиналады. Бұл тойда «Балаңыздың бауы берік болсын!» деген құттықтау айтылады. Қонақтар таң атқанша домбыра тартып, ән салады. Түрлі ойын-сауық ұйымдастырады. Жаңылтпаш, жұмбақтар айтады. Жеңгендері отбасының сыйына бөленеді.
   Шілдехана өткеннен кейін баланың әке-шешесі бесіктой жасайды. Ағаштан жасалған бесікті нағашылары немесе жасы үлкен, қадірлі аналардың бірі әкеп, сыйға береді. Бесіктің үстіне алдымен көрпе жабылады. Бала халықшыл болсын деп тон, шапан жабылады, ат жалын тартып мінсін деп қамшы іледі, көз тимесін деп тұмар тағады. Тойға келгендер шашу шашып, балаға батасын береді.
   Туғанына қырық күн толғанда баланы қырқынан шығарады. Қазақ халқының ұғымында қырық саны – қасиетті сандардың бірі. Қырқынан шығаруға жиналған әйелдер баланы теңге, сақиналар салынған тегешке шомылдырады. Әйелдердің үлкені «Отыз омыртқаң жылдам бекісін, қырық қабырғаң жылдам қатсын» деп, баланың үстіне қырық қасық су құяды. Келесі кезекте баланың шашын, тырнағын алады.
   Тұсау кесу – сәби қаз тұрғаннан кейін тез, жығылмай, сүрінбей жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын дәстүр. Арнайы дайындалған ала жіппен баланың аяғын тұсап байлайды. Ала жіппен тұсаудың негізінде «Болашақта бала ешкімнің ала жібін аттамасын!» деген тілек бар. Жіпті қадірлі, ісі алға басып тұрған әрі жылдам, сүрінбей жүретін адам кеседі. Бұл – бала осы адамға тартсын деген тілектен туған рәсім.

(«Сен білесің бе?» энциклопедиясынан)

• Қазақ халқының балаға қатысты салт-дәстүрлерінің маңызы неде?
• Балаға қатысты осы салт-дәстүрлер қазір қалай сақталған?
• Өзің көрген немесе естіген бала өміріне қатысты салттарды әңгімелеп бер.

5-тапсырма. Төмендегі құттықтаухатты салыстырып оқы, стилін ажырат. Жауабыңды дәлелде. Кімге жазылған? Кім жазған?

Құттықтау

   Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Бала – өміріміздің мәні мен сәні, әрбір адамның ең қымбат қазынасы. Біздің ұрпағымыздың балалық бал дәурені қандай болатыны тек өзімізге байланысты. Оларға ең керегі – бақытты отбасы. Жергілікті билік өз тарапынан отбасы мен отбасылық құндылықтарды сақтап, нығайту үшін, ана мен баланы қорғау үшін, балалардың құқықтарын сақтау бағытында тиісті жұмыстар атқаруда. Ал әрбір ата-анаға «Бала бақыты үшін!» деген ұран өмірлік ұстанымға айналуы тиіс. Балаларымызға ашық аспан, тату-тәтті отбасы мен ұзақ та бақытты ғұмыр тілеймін!

   Сені туған күніңмен шын жүректен құттықтаймыз, ойлаған арманыңа жетуіңе тілектеспіз. Сені тек биіктерден көрейік. Қадамыңа – гүл, келбетіңе – нұр, қиялыңа қанат бiтсiн, жасыңа – жас, басыңа бас қосылсын! Шаңырағыңа құт-береке, бейбіт күннің арайлы шуағы мейлінше төгіле түссін, отбасыңа амандық, денiңе саулық, ұзақ ғұмыр тiлеймiз, арманың асқақ, шығар биігің асқаралы болсын! Әрдайым құшағың гүлге, қадамың нұрға тола берсін! Бақытты өмір сүруіңе шын жүректен тiлектеспiз!

   Құттықтау мерейтойларда, үкімет наградасымен марапатталғанда, әр алуан мейрамдарға байланысты түрлі деңгейдегі (отбасылық, құрбы-достар т.б.) адамдарға жазылады, айтылады.

6-тапсырма. Оқылым мәтініндегі құттықтау сөздер қандай дәстүрде қолданылатынын кестеге сәйкес жаз.

7-тапсырма. Оқылым мәтініндегі деректерді қолдана отырып, «Тұсау кесу» рәсіміне арналған құттықтау жаз. Құттықтау сөзде есімдіктер мен мезгіл үстеулерін ұтымды қолдан.

8-тапсырма. Төмендегі суреттер бойынша мезгіл үстеулерін қолдана отырып, сөйлем құра.

күзгі жаңбыр
күздігүні
әуелде

қыстай
бұрында
қысқы суық

бүгінгі
ілгеріде
жаздай
жаздыгүні

9-тапсырма. Сөйлемдерді оқып, үстеулердің мағыналық түрлерін ажырат.

   Ертеректе Э.С. Вульсон деген саяхатшы қазақ балалары жөнінде былай деп жазады: «Қазақ балалары кең-байтақ дала төсінде емін-еркін өседі. Атқа мінуге жастайынан үйренеді. Емшектегі бала көш кезінде түйе үстінде тербелсе, аяғымен нық тұруға жараған соң-ақ атқа мінеді. Қазақтарда жас бала құламайтындай етіп жасалған арнайы ер-тоқым (ыңыршақ) болады. Олар қалған өмірінің көбін ат үстінде өткізеді».

(«Қазақтың салт-дәстүрлері» кітабынан)

10-тапсырма. «Тұсау кесу» жырын мәнерлеп оқып, ауызекі сөйлеу тіліне тән етістіктердің түрін ажыратып жаз.

Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.

Қаз-қаз, балам, қаз балам.
Тақымыңды жаз балам.
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық.

Қаз-қаз, балам, жүре ғой…
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып, бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың.
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер.

11-тапсырма. Қазақ халқының бала тәрбиесіне қатысты қалыптасқан «сүндет той», «тілашар» салт-дәстүрлері бойынша пікір алмасыңдар. Неліктен осы дәстүр қалыптасқан, қаншалықты оның маңызы бар деген ой тұрғысында сұхбат құрыңдар.

12-тапсырма. Төмендегі белгілермен тыңдалым, оқылым мәтініндегі әр абзацты немесе сөйлемді белгіле. Өз ойыңды қорытындылап жаз.

×
×

Cart