НАУРЫЗ – ЖЫЛ БАСЫ

Суреттерді мұқият зерттеп, өз ойларыңмен бөлісіңдер.

1-тапсырма. Мәтінді зейін қойып тыңда.

2-тапсырма. Сұрақтарға жауап бер.

1. Сен Жаңа жылды қалай қарсы аласың?
2. Жаңа жылда қандай сыйлықтар аласың?
3. Сен үшін Жаңа жылдың ерекшелігі неде?
4. Жаңа жылды басқа халықтар қалай атап өтеді?
5. Мұсылман халықтарының Жаңа жылды тойлау ерекшелігі неде деп ойлайсың?

3-тапсырма. Сөйлемдерді көшіріп жазып, үстеудің мағыналық түрлерін ажырат.

   Мен бүгін сонша шаршадым. Ол сонша өрескел сөз айтты. Сонша алтынды қайдан алдың? – Советский солдат, содан сақ болыңдар деген Хожа Насреддин, – деп жартысын орысша, жартысын өзбекше сөйлеп, Самед ағай да мені қытықтап қояды. Орнымнан шұғыл тұрдым. Мен балаша сақ-сақ күлдім (Ғ. Мұстафин).

4-тапсырма. Мәтінді мәнерлеп оқы.

Наурыз мейрамы

   Наурыз – шығыс халықтарының мейрамы. Ол күн мен түн теңесетін 22 наурызға сәйкес келеді. Ұлыстың ұлы күні аталатын осы сәт жыл басы саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ер адамдар бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады, әйелдер бір- бірімен құшақтасып, игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап жеті түрлі дәмнен пісірген наурыз көжеге шақырады. Әдетте, осы күні адамдар өкпе-реніштерін кешіріп, татуласады, өшпенділіктен арылып, ынтымақтасуға ұмтылады. Жастар алтыбақан басында ән шырқап, күй тартады. Дәстүрлі көкпар, аударыспақ, қыз қуу, күрес сияқты ұлттық ойындар ойналады. Таң ата жұртшылық биік төбенің басында шыққан күнді қарсы алады. Жарықтың қараңғыдан, жылудың суықтан, жұмсақтың қаттыдан басым түскен осы жасампаздықтың мерекесінде ауыл тұрғындары бұлақ көздері мен арық-тоғандарды тазалап, аула ішіне, көше бойына тал егуді парыз санайды.
   Наурыз мерекесі күні кәрі-жас, ер-әйел, бала-шаға үй-үйді қыдырып жүріп «наурызкөже» ішіп, бір-бірімен кездескенде, «Жасыңыз құтты болсын! Өмір-жасың ұзақ болсын! Ұрпақтар өмірлі болсын! Ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін» деген сияқты игі тілектер айтады. Наурызнама өткізілгенде осы күнге арнап наурызкөжеге шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға тағы да басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді. Мысалы, «Өркенің өссін! Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын! Ұлың ойға, қызың қырға қонсын! Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!» деген бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі.

(«Қазақтың салт-дәстүрлері» кітабынан)

5-тапсырма. Өз аймақтарыңда жарық көретін газет, журнал беттерінен «Наурыз» мейрамына арналған ақпаратты жина. Оқылым мәтініндегі деректермен салыстыр.

6-тапсырма. Наурыз батасын оқып, көркем стильдің ерекшеліктерін талда.

Басымызға бас қосылсын,
Жасымызға жас қосылсын,
Жанымызға жан қосылсын,
Малымызға мал қосылсын!
Ұлыс шуақ болсын,
Құдай қуат берсін,
Маңайымыз суат болсын!
Жылымыз қызырлы болсын,
Мерекеміз дүбірлі болсын!

7-тапсырма. Төмендегі мөлшер үстеулерін қолданып, «Наурыз» мерекесіне қатысты сөйлем құрап жаз.

   Соншама әдемі, бірқатар қыздар, осыншама тартымды, біршама қазақ үйлер, мұнша тағамдар, соғұрлым әсерлі, едәуір үлкен, қыруар қаржы.

8-тапсырма. Наурыз мерекесінде жасалатын ұлттық тағам туралы автордың ойын жалғастыр. Өлеңде көтерілген мәселені талда. Наурыз көженің жасалуын диаграммаға түсіріп көрсет.

Бидай көже

Бидай көже қайнаған қазан қандай!
Наурызда бусанған далам қандай!
Аппақ-аппақ ұлпа бұлт таранғандай,
Бунақ-бунақ тіршілік жаралғандай.

Жеті дәннен жаралған сенің дәмің,
Жеті үнмен таралған менің әнім.
Жеті атадан сақталған сыйдай көне,
Наурыздың ырысы – бидай көже.

(А. Ахметбекұлы)

9-тапсырма. Жұптық жұмыс. Наурыз мерекесіне арнайы жасалатын ұлттық тағамдарға жарнама жасаңдар. Өз сөздеріңде үстеу сөздердің түрлерін қолданыңдар. Бір сөйлемде үстеу сөздерді ең көп орынды қолданған жұптарды анықтаңдар.

10-тапсырма. Екі бағандағы сөйлемдерді сәйкестендіріп жаз.

11-тапсырма. Сөйлемдегі үстеу түрлерін анықта.

   Таң ата жұртшылық биік төбенің басында шыққан күнді қарсы алады.

12-тапсырма. Мәтіннен үстеу түрлерін және етіс жұрнақтарын тап. Тез әрі нақты жауап берген сыныптасыңды анықта.

   Ауыл әйелдеріне тән ибалылықты Әлиман берік ұстайды. Жаулықты кіршіксіз аппақ етіп киеді, бір тал шашын сыртқа шығармайды. Қолына күміс білезік, жүзік салады. Көйлекті мол киеді. Қарашы, шай ұрттауының өзінде қаншама әдептілік жатыр! Ұрттағаны ернінің ұшын ғана тигізгені тәрізді – түк естілмейді.

(Б. Соқпақбаев)

13-тапсырма. Сабақта алған әсеріңді, ойыңды «Төрт сөйлем» тәсілі арқылы жаз.

Пікір. Оқыған мәтін бойынша өз пікіріңді бір сөйлеммен жаз.
Дәлел. Өз пікіріңді бір сөйлеммен дәлелде.
Мысал. Пікіріңді өмірмен байланыстырып бір мысал келтір.
Қорытынды. Тақырып бойынша қорытынды жаз.

×
×

Cart