Қазақ биі

Сөйлеуде суреттерді қолданасың.

1. Төмендегі суретке зер салып, бидің адамға пайдасы туралы әңгімеле.

Орфографиялық Сөздік

қазақ биі
би өнері
қазақ өнері
ұлттық би

2. Мәтінді түсініп оқы.

Қазақ биі

  Жұрт бас қосқан бір жиын-тойда қыздар мені итермелеп: «Шара би билейді» деді. Домбырашылар тартқан күйдің ырғағына орай билей бастадым. Сонда көз алдыма қанат қаға ұшқан құстардың қалықтағаны, рауандап атып келе жатқан таң алдындағы гүлдердің бүр жарғаны, не болмаса таутекенің шың басына секіргені, жорға аттың жүрісі т.б. елестеп, музыка сазындай естілді. Осы қимылдарды салып, шыр көбелек айнала бердім. Ұршықша айналып келіп тоқтай қалғанымда, жұрт маған қарап қалыпты. Содан бері «биші қыз» деген атаққа ие болдым.
  Қазақ биі негізінен қол, бас, мойын, көз, иық секілді түрлі дене мүшелерінің қимылдарымен биленеді. Ал біз оны қиюын тауып, үйлестіре білсек, қазақтың ұлттық биінің өз ерекшелігі танылады. Мен бұл жөнінде «Би туралы сабақ» деген кітап жаздым. Сонымен қатар маған өз елімнің тұрмысын, тарихын, әдет-ғұрпын, дәстүрін зейін қойып үйрене білуімнің өте көп пайдасы тиді. Мысалы, қазақ халқының көкпар, қыз қуу, садақ тарту т.б. ұлттық ойындарына, оның сыртында кесте тігу, текемет, сырмақ басу, ұршық иіру тәрізді қазақ әйелдерінің қолөнеріне қатысты іс-қимылдар бар екені белгілі. Осылардың барлығы музыка ырғағына түскенде тұнып тұрған қазақ биі демей, не дейміз?

Шара Жиенқұлова

3. Түсініп оқы. Шара Жиенқұлова туралы әңгімеле.

Шара Жиенқұлова – халық бишісі, әртіс

  Шара Жиенқұлова (1912–1991) Алматы қаласында туған. Қазақ би өнерін дамытуға үлкен үлес қосқан. Ол 16 жасында «биші қыз» атанған.
  1936 жылы Мәскеуде өткізілген Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің онкүндік мәдени шарасына қатысып, ұлттық би өнерімен танылды.

4. Мәтінге сүйеніп, әр бағанға ортақ атау ойластыр. Не артық екенін анықта. Осы тізімді өз бетіңше жалғастыр.

Кесте тігу 
Сырмақ басу 
Садақ тарту 
Текемет басу

Сырмақ басу
Көкпар
Қыз қуу
Садақ тарту

5. Өлеңді тыңда.

Өнерпаздар

Бақшамызда шаттанып,
Бар өнерді ақтарып,
Ойын-сауық басталды,
Оны Кемел басқарды.
Көріңіздер өнерін,

Көбен – күйдің шебері.
Ән салады Сара қыз,
Би билейміз бәріміз.
Бар өнерді көріңіз,
Бағаңызды беріңіз.

Әдібай Табылды

6. Сыныбыңда өнерпаз балалар бар ма? Олардың таңдаған өнері туралы 3 сұрақ дайында. Сұхбат ал.

7. «Қазақтың би өнері» тақырыбындағы фотокөрмеге қандай сурет ұсынар едің? Ойыңды дәлелде.

×
×

Корзина