– Ал не алушы ең? Айт, кәне! – дейді әжем.
Әжекем, қызық болғанда, мен нені нұсқасам, бәрі «Айгүлжанға өте, өте қажет» деп ойлайды. Бұл қасиетін мен де барынша пайдаланып бағамын.
Әрлі-берлі бұрылып, сөрелерге көз жіберіп тұрамын да:
– Қуыршақ сатып алайық! – деймін төбеден түскендей.
– Не дейді?
Әжем аң-таң.
– Міне, мынадай үлкенін!
Құшағымды жайып көрсетемін. Әжем маған біраз қарап тұрады.
Аздан соң түсі жыли бастайды.
– Е, айналайын-ай, сәби кезіңді сағынған екенсің! Ал, ала ғой. Айнымай маған тартқансың. Мен де «ерке-шора» атанған едім.
Жадырап сала беремін. Әжем аузынан «Айнымай маған тартқансың» деген сөз шықса, – бітті:қалағаныңды алады.
Екеуіміз дәу қуыршақ сатып аламыз. Айтса айтқандай, сәби кезімді сағынамын ба әлде өзіме серік іздеймін бе, – әйтеуір, ойыншыққа құмармын. Несін айтасыз, әлгі жерде «футбол, хоккей ойыншықтары» дейсіз бе – әйтеуір, бәрін құшақтап үйге қайтамыз. Ақшаның қақ жартысы «Балалар әлемінде» қалады. Оған қиналып жүрген біз жоқ. Екеуіміз де мәз-мейрам, разымыз өз-өзімізге.
Жатар кезде көкем, тәтем әлгі ойыншықтарды біртіндеп көріп отырып, ішек-сілелері қатып күледі. Әрине, онда да әжем жоқ кезде ғана.
Ал көзінше:
– Оhо, сауданы қатырған екенсіздер! Кілең керек заттар. Қуыршақты да, аюды да дұрыс алғансыздар. Айгүлжанның ойыншықтары тозып қалып еді. Жақсы болған екен, – дейді қауқалақтап.
Әжекем жымың-жымың етеді.