Ат – ер қанаты

Ойыңды көркемсөздермен жеткізесің.

1. Түсініп оқы. Пікір білдір.

  1. Ат – ердің қанаты.
  2. Жылқы – малдың патшасы.
  3. Жылқының сүті – шекер, еті – бал.

2. Мәтінді тыңда.

Атқа міндім

Шүу, жануар!
Бұл менің – алғаш атқа мінгенім.
Желдірмек боп атымды,
Қысып қалдым тақымды.
Атым желіп жөнелді,
Қайтсем екен мен енді?
Батылдық жоқ жаңағы,
Зәрем ұшып барады.
Қыза түсті құрғыр ат,
Құлақ кетті шыңылдап.
Ат жалына жабысып,
Қолым қалды қарысып.
Тізгін жоқ сол қолдағы,
Қамшым жоқ оң қолдағы.
Құламасам болғаны,
Жыламасам болғаны.
Дүңкілдетіп даланы,

Атым шауып барады.
Күшімді сап ақырғы,
Қыса түстім тақымды.
Жер шетіне жеттім бе,
Мен ештеңе білмеймін,
Жоқ, енді атқа мінбеймін.
Ақыры атым тоқтады,
Қарсыдан жел соқпады.
Қорқынышым басылды,
Біткен құлақ ашылды.
Сол манағы қалпында,
Киіз үй тұр артымда.
Атам да тұр орнында.
Құстай ұшқан сияқты ем,
Ұзамаппын бірақ мен,
Қорыққанымды жаңағы,
Жұрт білмесе жарады…

Қастек Баянбай

Орфографиялық Сөздік

атқа міну
ұлттық ойын

3. Түсініп оқы, өлеңнің авторы туралы әңгімеле.

Қастек Баянбай – балалар жазушысы, ақын

  Қастек Баянбай 1936 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы Талдыбұлақ ауылында туған. «Балаларға базарлық», «Тәтті сабақ», «Асар» және т.б. өлең жинақтарының авторы.

4. Өлеңді қарасөзбен әңгімеле. Алғаш атқа мінген баланың сезімін ақын сөздерін қолдана отырып сипатта.

5. Бір сәт атқа мініп, шауып келемін деп қиялда. Сезіміңді «шүу, жануар!» деген сөзбен және қимылмен көрсет.

6. Берілген тақырыптар төңірегінде ой бөліс.

  1. Атқа міну – өнер.
  2. Атқа міну – спорттың түрі.
  3. Атқа міну – ұлттық ойын.

×
×

Корзина