МЕНІҢ МЕКТЕБІМ

Мектептегі қамқор жандар

1. Суретпен жұмыс.

– Суретті қалай атар едің?
– Бұл жер саған ұнай ма? Неліктен?

2. Мәтінді түсініп оқы.

Кешiрiм

  Тұрсын мектептен көңiлсiз қайтты. Үн-түнсiз отырып, тамағын iштi.
Бiр кезде:
– Апа, бiздiң көшенi сыпыратын атай ауруханаға түсiп қалыпты, – дедi.
– Ә, ие, бұл бейнет дегенiң де тiлсiз жау екен ғой. Құрал-жабдықтарын қоятын сарайының төбесiн жөндеймiн деп жүрiп, мертiгiптi байғұс. Өткен сенбiде екi-үш оқушы сарай төбесiнiң қара қағазын жыртып, iшiне түсiптi. Сарайдан сыпырғыла алса керек. Тентектер өйтiп бүлдiргенше, сұрап алсашы. Ондай берекесiздер өйтiп сенбiлiкке қатысқанша, қатыспай-ақ қоймай ма?
  Сөйлеп жүрiп апасы жұмысына жиналды.
– Апа, ұрыспайсыз ба?– дедi Тұрсын қипақтап.
– Не үшiн? Екiлiк алғаннан саумысың?
– Жоқ, екiлiк емес. Одан да жаман…
– Жұлқысып келiп отыр екенсiң ғой. Жетпегенi – сол едi! Бәсе, желкеңдi сипалай бергенiңнен-ақ бiр пәленi iшiм сезген.
– Апа, айтайын дегенiм аула сыпыратын атайға барсам деймiн. Халiн бiлiп, кешiрiм сұрайын.
– Жағдай сұрағышын! «Қақ-соқпен жұмысы жоқ» деп жүрген бала сен болсаң, көгертедi екенсiң! Дәл қазiр бар және жалғыз емес, қасыңда болған нөкерлерiңдi де ертiп ал! Сендердiң кешiрiм сұрағандарыңнан сауығып кете қоймас. Сөйтсе де жан жарасын жеңілдетер.
  Апасы жұмысына кеттi. Тұрсын аула сыпыратын қартқа барды.
– Бiр қателiк кеткен шығар. Ештеңе етпес. Бәрiнен де қателiктерiңдi түсiне бiлгендерiң жақсы. «Көл бақасыз болмас, адам қатесiз болмас», – деген, – дедi қарт.

Роза Әбдiқадырова

3. Мәтін неліктен «Кешірім» деп аталған? Басқаша қалай атауға болады?

4. Тұрсынның іс-әрекетіне өз көзқарасыңды білдір.

5. Мәтіннен аула сыпыратын қарттың сөзін тауып, дауыстап оқы.

6. Мәтіндегі нақылды тауып, мағынасын түсіндір.

7. Мектебіңнің ауласын кім тазалайды? Ол кісіге не дер едің?
Тағы кімдер жұмыс істейді? Тілектеріңді «Тілек ағашына» жаз.

Атамұра

×
×

Корзина