Бір күні кешкілік есік алдына мәшине келіп тоқтады. Мәшинеден қимылы ширақ адам түсті. Ол амандықтан соң, Жамбыл атамды тез киіндіріп алып кетті. Біз ешнәрсе түсінбестен, үнсіз қалдық.
Ертеңінде ұйқыдан сергек ояндым. Екі-үш жігіт бағаналарға түсіп-шығып жүр. Ауыл адамдары лезде жиналып қалды.
– Ал енді құлақтарыңызды тосыңыздар, – деді. Кішкентай қара қорап радио екен. Арғы жағынан Жәкем жырларын төгуде. Атамды асығыс алып кеткен ақын Әбділда Тәжібаев екен. Алматыда өткен ақындар айтысына қатыстырылыпты. Жәкем жүйрік шығып, Мәскеуде өтетін Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысатын болыпты…
Кейіннен Жәкемді қарсы алуға Алматыға келдік. Пойыз тоқтағанда, өнер адамдарымен бірге атам да түсті. Адамның көптігі сонша, мен топтың арасында қалып қойдым.
Атам сондағы адамдарға:
– Осында менің бір қара қызым болуы керек. Оны маған жіберіңдерші, – депті. Көпшілік екіге бөлінгенде атам мені іздеп, жан-жағына қарап келеді екен.
– Ата! – дедім. Дауысымды естіген Жәкем мені көтеріп алды. Маңдайымнан иіскеп, еркелеткен соң, қасына ертіп жүрді.