– Дүниедегі ең бір қолайсыз қоныс осы жер болды-ау, қандай ыстық еді, – деп, ауыр дем алды. Көденің түбінде бұғып отырған бозторғай мұны естіді де, «пыр» етіп аспанға көтерілді.
– Дүниежүзінде менің мекенімнен жақсы, менің қонысымнан жайлы еш жер жоқ, менің мекенімнен, менің қонысымнан! – деп әнге салып, биіктей берді, биіктей берді.
Құрбақа, тышқан, құмырсқа тағы да ілгері қарай жүріп кетті.
Әлден уақытта аспанға қара бұлт үйіріліп, артынша-ақ қатты жауын жауды. Жердің миы шығып, батпаққа айналды. Тышқан бауыры суға малынып, жүні сабалақтанып, дірдектеп тоңа бастады. Ал құмырсқа болса, мүлдем әлі құрып, жүруден қалды. Ол шаршап, қалжырап отырып:
– Дүниедегі ең қолайсыз қоныс осы жер болды-ау. Жауыны қандай қатты еді, – деп қамықты.
Бұл уақытта жердің жарықшақтарынан тысқа жыбырлап шыққан жауынқұрттары:
– Шіркін, жауынды жерге не жетсін! Жер бетінің үнемі ылғал тартып тұрғаны қандай рақат! – деп, мәз-мейрам болып жатты.
Құрбақа, тышқан, құмырсқа бұдан әрі ілгері жүрмеді. Кейін қайтты. Арып-ашып, іңір қараңғысында өз мекен, өз қоныстарына әрең оралды.
Тышқан жып беріп өзінің ініне еніп кетті де, түбіне қарап жатып:
– О, шіркін! Дүниеде менің інімнен артық жақсы мекен, жайлы қоныс бар ма екен? Өзі тар, өзі қараңғы, өзі қауіпсіз, – деді.
Құмырсқа да өз илеуіне келіп кірді де:
– О, шіркін! Дүниеде менің илеуімнен жақсы мекен, жайлы қоныс бар ма екен? Өзі жайлы, өзі биік, өзі жұмсақ, – деді.
Ал құрбақа да өзінің орнына секіріп түсіп:
– О, шіркін! Дүниежүзінде менің орнымнан жақсымекен, жайлы қоныс бар ма екен? Өзі салқын, өзі дымқыл, өзі көлеңке, – деді.
Сонымен дүниедегі ең бір жақсы мекен, жайлы қоныс – әркімнің өз мекені, өз жері екен.