Судың пайдасы

Кейіпкерге хат жазасың.

1. Жұмбақтарды шеш.

1. Жылт-жылт еткен,
    Жылғадан өткен.
2. Отқа жанбас,
    Суға батпас.
3. Тырсылдап түседі,
    Жер бетіне жетеді.
    Жер бетіне жеткен соң,
    Ғайып болып кетеді.

4. Мамықтай ұлпа,
    Қанттай ақ.
    Қыста жер бетін басады,
    Жазда тауға қашады.

«Алтын абдыра» кітабынан

Орфографиялық Сөздік

судан сақтану

2. Мәтінді түсініп оқы.

Суыр сұңқар, су қайда?
(Ертегі)

  Ерте заманда сиыр сызылған кербез, суырыла шапқан жүйрік болыпты. Әрі асқан тәкаппар, мақтаншақ та екен.
  Бір күні әлгі Сиыр Атпен ерегесіп қалып, екеуі жарысқа түсуге уәде байласады. Бұрынғы өткен жарыстардың бәрінде Сиыр бәйге бермейді екен. Осы жолы Аттан да озып, төрт аяқты жануарлардың арасындағы ең жүйрігі деген атаққа біржола ие болуды мақсат етеді.
  Көмбеге төреші болып Арыстан келеді. Бәстің жайын ұққан соң, Ат пен Сиырды бір күншілік жолға Жолбарыс айдап барып, екеуін қатар тұрғызып қояды да, кері қайтуға ақырып белгі береді.
  Құйрығын көкке шаншып алып, танауы пысылдап, Сиыр ә дегеннен-ақ қарасын үзіп, зулай жөнеледі.
  Сиырдың соңында желдей жүйткіп, Ат шауып келе жатады. Жол ортасында оларға сусын беру үшін Суыр тосып отырады.
  Бір кезде оза шауып, елірген Сиыр Суырға жетіп келеді де:
  – Суыр сасық, су қайда? – дейді.
  Сиырдың тәкаппар мінезіне ренжіп қалған Суыр:
  – Сиыр сасық, су мұнда, – деп, сасып, борсып кеткен лай суды ұстата салады. Шөлдеп келе жатқан Сиыр судың қандай екеніне қарамастан, сіміріп жібереді де, одан әрі қарай шапқылай жөнеледі.
  Әрі-беріден соң, Суырдың қасына шөлдеп Ат келеді.
  – Суыр сұңқар, су қайда? – дейді еркелетіп.
  – Жылқы тұлпар, су мұнда! – деп, Суыр мөлдір, тұнық суды Атқа ұстата береді. Таза тұнық суға қанып алған Ат бойына тың қуат қосылғандай болып, құстай ұшып, самғай жөнеледі.
  Сасық, лай су кеудесін алып қалған Сиыр онша ұзап кете алмайды да, екі-үш қырды асқан соң, Ат қуып жетіп, жанынан желдей жүйткіп өте шығады. Содан көмбеге бірінші болып жетеді.
  Содан бері жылқы төрт аяқты жануарлардың ішіндегі жүйрігі болып қалыпты. Кеудесін лай, сасық су алып қалған сиыр содан бері шабандап, жүгіре алмайтын күйге түскен екен.
  Сиырдың жатқан кезде ыңырана күрсінетіні – өзінің астамшылық етіп, Суырға айтқан дөрекі сөзіне күні бүгінге дейін өкінгені екен деседі.

«Бабалар сөзі». Жүз томдық, 73-том

3. Ертегінің қалай аталып тұрғанына мән бер. Қай кейіпкерге қатысты айтылған?

4. Берілген тірек сөздер қай кейіпкерді сипаттайтынын тап. Олардың
 іс-әрекетіне өз көзқарасыңды білдір. Өзің не қосар едің?

Кербез, тәкаппар, мақтаншақ, жүйрік, желдей жүйткіген, ренжіген …

5. Ертегідегі оқиғадан өзіңе қандай сабақ алдың?

6. Кейіпкерге хат жаз. Хатыңда оған 3 – 4 кеңес беруді ұмытпа.

7. Әйтеке би туралы не білетініңді анықта.

×
×

Корзина