Ғажайып әлем

Шығармадағы оқиғаны болжап жалғастырасың.

1. Адам құрлықта да, суда да өмір сүре ала ма? Егер өмір сүре алса, қалай тіршілік етер еді? Бір сәт қиялдап көр.

Фантастикалық шығармаларда өмір шындығына қиял элементтері қосылып суреттеледі.

2. Түсініп оқы.

  Орыс жазушысы Александр Беляевтің «Адам-балық» атты фантастикалық шығармасы бар. Басты кейіпкер Ихтиандр су астында да өмір сүре алады.

3. Жазушы қиялына мән бере оқы.

Адам-балық

  Ихтиандр бақ ішіндегі құм төселген сүрлеу жол мен жүрiп келедi. Белбеуiне қыстырылған қанжары салақтап аяғына соғылады. Көзiлдiрiгi, қолға және аяққа киетiн биялайы – «көлбақа табандары» көрiнедi. Ол үйiне келе жатыр. Үйi шағын ғана, небары төрт бөлмеден тұратын. Соның асүйге жапсарлас біреуіне Кристо орналасқан. Оған таяу асүй, сосын кітапхана болатын. Ихтиандр испан және ағылшын тілдерін білетін. Сосын ең соңғы шеткісі – Ихтиандрдың жатын бөлмесі. Сол жатын бөлменің тап ортасында хауыз бар еді. Кереуеті қабырғаға тақап қойылған. Ихтиандр кейде сол кереуетте демалатын, бірақ көбінесе хауызда жатқанды ұнататын.
  Сальватор тауға Ихтиандрға қызметімен жаққан Кристоны ертпей, жалғыз кетуді ұйғарған. Жол жүрерде Сальватордың Кристоға былайша мықтап тапсырғаны бар: «Ихтиандр аптасына ең кемі үш түн кәдімгі кереуетте жатып, ұйықтауға тиіс».
  – Ал маған суда жатқаным көбірек ұнайды, жаныма жайлы, – деп қарсылық білдіреді Ихтиандр.
  – Доктор сені кереуетте жатсын деп бұйырған, әкенің тілін алу керек.
  Кристоның енді Ихтиандрдың бұған белгісіз бір материалдан тігілген, қабыршақты костюмі ұдайы жауып тұратын денесін көргісі келді-ақ.
  – Сен не, киіміңді түнде жатарда да шешпейсің бе? – деп сұрады ол бірде жігіттен.
  – Неге шешем? Менің қабыршағымның еш кедергісі жоқ, қайта оңтайлы. Желбезекпен тыныс алуыма әрі терімнің тыныстануына түк зияны тимейді және сонымен бірге ол бар пәледен қорғайды: мұны акуланың өзі де, тіпті өткір пышақтың жүзі де кесе алмайды, – деп жауап қатты Ихтиандр.
  – Ал көзілдірік пен биялайды не үшін киесің? – деп сұрады Кристо кереуеттің қасында жатқан таңғажайып биялайды қарағыштап отырып.
  – Биялай менің шапшаң жүзуіме септігін тигізеді. Ал көзілдірік теңіз түбінен дауыл суырған топырақтан қорғануға қажет. Мен оны ұдайы киіп жүрмеймін. Бірақ көзілдірік кисем, су астындағы дүниені жақсырақ көрем. Көзілдірігің болмаса, су астында өзіңді тұманда жүргендей сезінесің, – деді де, бір жымиып қойды Ихтиандр. Сосын сөзін қайта жалғап:
  – Сенің менімен бірге су астында жүзе алмайтының өкінішті-ақ! Мен саған небір ғаламаттарды көрсетер ем. Неге бұл адамдардың бәрі бірдей су астында өмір сүре алмайды екен, ә?

• Неліктен адам су астында өмір сүре алмайды? Сен қалай ойлайсың?

4. Мәтінге сүйеніп, сурет бойынша Ихтиандрдың киімі, заттары туралы әңгімеле.

5. Су астында жүзгенде Ихтиандр неден сақтану керек? Оның достары туралы не айта аласың? Санамалап айт.

Орфографиялық Сөздік

судағы тіршілік
бас кейіпкер
Адам-балық

6. Мәтіндегі оқиғаны әрі қарай болжап әңгімеле.

×
×

Корзина