Аттылар үлкен үйдің сыртына келіп тоқтады. Бұларды бір топ адам күтіп тұр екен. Бұл топқа қарай ауылдың үлкендері де жан-жақтан дабырлап сөйлеп, ағылып келе жатыр.
Осы жиынға екі жолдасынан озып келіп бұрын түскен Абайдың атын біреу алып кете берді. Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің шешесін көріп қалды. Соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып: – Әй, шырағым, балам. Ар жағыңда әкең тұр… Әкеңе сәлем бер! – деді. Абай жалт қарады. Қонақүйдің сыртында екі-үш үлкен кісімен әкесі Құнанбай тұр екен. Бала ыңғайсыздықпен қысылып, шешесінің айтқан сөзінің мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды.