Келешекті елестетемін
Дауыссыз н мен ң

57. Өлеңді түсініп оқы.

Кім немен ойнайды?

Теңізші болатын бала
Бұлақпен ойнайды.
Емші болатын бала
Сынаппен ойнайды.

Батыр болатын бала
Қынаппен* ойнайды.
Жарықты жағатын бала
Шырақпен ойнайды.!

Шопан болатын бала
Қозы, лақпен ойнайды.
Диқан болатын бала
Топырақпен ойнайды.

Ғалым болатын бала
Кiтаппен ойнайды.!

Мәриям Хакiмжанова

•  Өлең не туралы?
•  Өлеңде қандай мамандық иелері туралы айтылған? Тағы қандай мамандықтарды білесің?
•  Өзіңді келешекте кім болам деп елестетесің?
•  Өлеңдегі қарамен жазылған сөздерге назар аудар. Н және ң дыбыстарын өзара салыстыр.

58. Сөйлемді көшіріп жаз.

Байлықтың кені*
Жеріңнің кеңі.

Ескен Елубай

•  Қарамен жазылған сөздердегі н мен ң дыбыстарын жеке айтып, олардың айтылу ерекшеліктерін байқа.
•  Бұл сөздердің мағынасын түсіндір.

59. Жаңылтпашты оқып, жаттап ал.

Кеңсеге енсе,
Еңселі кеңсе –
Кең кеңсе өңшең.

Ескен Елубай

•  Кеңсе, еңселі, өңшең сөздерінің мағынасын түсіндірме сөздіктен қарап біліп ал.
•  Кеңседе кімдер жұмыс істейді деп ойлайсың?

60. Көп нүктенің орнына н, ң әріптерінің тиістісін қойып, көшіріп жаз.

Ел жайлауға қо…ды,
Малдары қо…ды.

Төгілсе мұ…ай,
Қуанба, мұ…ай.

Алуан гүлдер ө…ді,
Жер құлпырған ө…ді.

61. Дөңгелек сөзінен бірнеше сөз ойлап шығар.

62. Мәтінді тыңда.

Кішкене бағбан

  Садықтың әкесі – бағбан. Садық оған үнемі көмектесіп жүреді. Қар кетісімен әкесі мен баласы бақта тынбай еңбек етеді.
  Бір күні Қалел жүгіріп келіп:
– Кеттiк, Садық, ойынға, – дедi.
– Менің жұмысым көп, – деп жауап берді Садық оған.
– Жұмыс деген немене, тәйірі! Одан да ойнаған қызық емес пе?!
  Садық ойнағысы келіп кетсе де, жұмысын жалғастыра берді.
  Күз де келді. Бақта жеміс пен жидектің сан алуан түрі пісті. Садықтың өзі де қарық болды, досын да барынша сыйлады. Қалел тойып алып:
– Бәрін де түк қалдырмай жеп қоямыз, – деді.
– Қалады, – деп жауап берді Садық.
– Әкем «Кім ойынға елікпей еңбек етсе, жер соны қарық қылады» деген.

Мәдіхат Төрежанов

•  Мәтін не туралы?
•  Мәтіндегі Садық қандай бала? Ал Қалел ше?
•  Садық пен Қалелге мінездеме беріп көр.
•  Мәтін саған ұнады ма?
•  Күзде табиғатта қандай өзгерістер болады?

63. Мақалды жатқа жаз.

Өнерлінің қолы алтын,
Өлеңшінің сөзі алтын.

•  Н, ң дыбыстары бар сөздердің астын сыз. Олар сөздің қай жерінде келіп тұр?
•  Ң дыбысы сөз басында кездесе ме?
•  Мақалдың мағынасын түсіндір.

64. Суретке қара. Суретші, қобызшы, кенші, құрылысшы, аспаз,
тәртіп сақшысы өздерінің жұмыстарына қажетті құралдарды дұрыс
таңдап алды ма?

•  Суреттегі мамандық иелері туралы не білесің?
•  Саған бұл мамандықтардың қайсысы ұнайды? Неліктен?
•  Өзің болашақта қай мамандықты таңдар едің?

65. Кестеде көрсетілген мамандықтар бойынша диалог құра.

66. Өлеңді оқып, кім туралы екенін тап.

Назарында ұстайды,
Зиянкестің қандайын.
Тазалығын бақылар,
Табиғаттың әрдайым.

Ескен Елубай

•  Тапқан мамандық иесі туралы дереккөзден оқып ал.

×
×

Корзина