Жіпсіз байлау
Бір күні бір бай:
– Әй, Алдар! Жіпсіз, түйінсіз байлауға бола ма? – дейді Алдарға.
– Байеке, күте тұрыңыз. Мен мына үйге кіріп шығайын. Сонан соң айтармын, – дейді Алдар.
Бай далада сарылып әрі тұрады, бері тұрады. Алдар үйден шықпай қояды.
– Е, «күте тұрыңыздың» аяғы жіпсіз байлау екен ғой, – деп өкінеді бай сонда.
Алдаркөсе
Алдаркөсе – қазақ ауыз әдебиетіндегі халық арасына көп тараған ұнамды, күлдіргі кейіпкер. Әр кезде өмір сүрген ақылды да айлакер, тура да тапқыр, жарлы-жақыбайдың* қамын жеген әділ адамның жиынтық бейнесі. Ол бірде жұмыртқадан жүн қырыққан* дүниеқоңыз Шықбермес Шығайбайдың* басын шыр айналдырса, бірде тиыннан теңге құраған саудагердің өзін мұзға отырғызып кетеді*.
Халық пасық, надан байларға, суайт* саудагерлерге өз өкілі Алдаркөсені қарсы қояды. Сөйтіп, ел өз көзқарасын, тілегін Алдаркөсе арқылы танытып отырған.