Адамдар не үшін еңбек етеді?

– еңбек адамның өсіп-өркендеуіне қалай ықпал ететінін білетін боласың.
– мемлекет, қоғам және отбасының дамуында еңбектің маңызды рөл атқаратынын талқылайсың;
– еңбек арқылы өз қажеттіліктеріңді орындауды үйренесің.

 Еңбек деген не? Адамдар не үшін еңбектенеді? Еңбектің қандай түрлері бар?

  Еңбексіз адам өмірінде мән болмайды.
  Еңбектің арқасында адам өз өмірін жақсартып, қабілетін дамытады, білімін толықтырады.
  Әрбір еңбекқор адам өз жұмысының жемісін көреді, қаржылай табысты болады. Осы табысының арқасында адам өзінің мұқтаждығын өтейді.

  Адамның қандай мұқтаждықтары бар? Қандай қажеттіліктер адам еңбегінің арқасында орындалады?

  Еңбектің арқасында адамдар бір-бірімен өзара үйлесімді қарым-қатынас жасайды. Өз ойын қолдайтын достар табады.

Жалғыз адам жасаған жұмыс пен ұжымдаса атқарған еңбектің қайсысы тиімді? Өз ойыңды дәлелде.

Еңбек ету қабілетін жетілдіру барысында адамдар еңбек құралдары мен әдіс-тәсілдерді де дамытады. Бұл тәжірибе ұрпақтан ұрпаққа беріліп, адамның ғана емес, бүкіл қоғамның дамуына ықпал етеді.

  Еңбек етудің отбасы үшін қаншалықты қажет екенін айт. Қоғам мен мемлекеттің еңбексіз дами алмайтынын дәлелде.

Ой еңбегі және дене еңбегі

  Ой еңбегін зияткерлік еңбек деп те атайды. Ой еңбегі адамнан зеректік пен зерделілікті, ақылдылық пен парасаттылық қабілетін қажет етеді. Ой еңбегімен айналысатын мамандық иелеріне мысал келтір.

Дене күшін қолдануды қажет ететін еңбекті дене немесе қол еңбегі деп атайды. Ол адамнан қажырлылықты талап етеді.

Қандай мамандық иелері дене еңбегімен айналысады? Мысал келтір.

  Ой еңбегі мен дене еңбегі бір-бірімен тығыз байланысты. Мысалы, шахтёрлер көмір қазады. Бұл қол еңбегіне жатады. Ал көмір өндірудің тиімділігін арттыру үшін олар жаңа технологияларды пайдаланады. Бұларды инженер-ғалымдар ойлап шығарады. Сондықтан оны ой еңбегіне жатқызамыз. 

  Дене және ой еңбектері адам өміріне қалай әсер ететінін сыныптасыңмен талқыла.

×
×

Корзина