Екі дос бір егістікте жұмыс істейтін. Бірі – үйленген, отбасы бар. Екіншісі – бойдақ. Күн батқанға дейін жұмыс істеп, достар тапқан өнімді тепе-тең етіп екіге бөліп алатын. Бойдақ жігіт: «Түскен пайданы тепе-тең етіп бөлгеніміз дұрыс болмады. Мен жалғыз тұрамын, сондықтан да көп шығыным да жоқ», – деп ойлайды. Осындай ойымен, бір қап бидайды жасырын түрде досының қорасына апарып тұрады. Досы да ішінен: «Түскен өнім мен пайданы бірдей бөлгеніміз дұрыс емес, менің отбасым бар – қартайғанда олар маған қарайды. Досымның болса ешкімі жоқ, қартайған кезінде оған қарайтын адам болмайды», – дейді. Осылайша ол да түн жамылып досының қорасына бір қап бидай апаратын болды. Осыған қарамастан екі қорадағы қаптар саны неліктен еш азаймағанын екі дос та түсінбей жүреді. Тағы бірде екеуі бір-бірінің қорасына қап апара жатқанда, жолда кездесіп қалады. Сонда ғана олар болған жайды түсінеді. Қаптарын жерге қоя салып, екі дос бір-біріне деген адал ниетті екендерін біліп, көздеріне жас алады.