§21–22. Қазақстанның саяси-әлеуметтік және мәдени өміріндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі

Оқу мақсаты:
- Ұлттық бірлікті және қазақстандық бірегейлікті нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін сипаттау.

  1. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Алматыда өткен Қазақстан халықтарының бірінші форумында ұсынды.
  Дайындық жұмыстары аяқталған соң 1995 жылғы наурызда жаңа қоғамдық ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осылай жалпықазақстандық бірліктің бірегей моделі іске асырылды.
  Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) – Президент төрағалық ететін консультативті-кеңесші орган. Қазіргі таңда Ассамблея Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының сенімді тетігіне айналды.
  2002 жылы 26 сәуірде ҚР Президенті Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясы бекітілді. Бұл құжатта Ассамблеяның мақсаты мен міндеттері, жұмыс құрылымы мен ұйымдастыру қызметінің негізгі бағыттары белгіленді. Кейіннен ҚХА-ның қоғамдық-саяси салада қызметін реттейтін басқа да құжаттар қабылданды.
  2. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеттері. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамда маңызды қызмет атқарады. Біріншіден, ол Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталады. Екіншіден, Ассамблея ұлтаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдеседі. Үшіншіден, бұл қоғамдық құрылым мемлекеттік тілді және Қазақстан диаспораларының ана тілі мен мәдениетін дамытуға қолдау көрсетеді.

  2008 жылы Елбасы бастамасымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң қабылданып, Ассамблеяның құқықтық мәртебесі кеңейтілді.
  Қазіргі таңда Ассамблея 23 республикалық және 470-тен астам аймақтық ұлттық-мәдени бірлестіктердің басын қосып, «Достықтың инфрақұрылымына» айналды.

Ойлан
Ассамблеяның құқықтық мәртебесін кеңейту не үшін қажет?

  2014 жылы бірқатар жетекші жоғары оқу орындарында «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедралары құрылды. Ассамблея қызметін жоғары деңгейде қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылдан бастап «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі тұрақты және жүйелі түрде жұмыс атқарып келеді.
  3. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымы мен қызметі. Ассамблея құрылымында 17 кіші ассамблеялар біріктірілген, олар 14 облыстық және 3 республикалық маңызы бар қалалардың ассамблеялары.
  Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік кіші ассамблеялары ұлттық-мәдени орталықтары мен диаспоралар бірлестіктерінің жұмысын біріктіреді және үйлестіреді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдері өңірлік Ассамблея төрағалары қызметін атқарады. 2008 жылы Ассамблея ұлттық-мәдени орталықтары ресми түрде этномәдени қоғамдық бірлестіктер болып қайта тіркелді.

Ассамблея жиналысы

  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығы тиесілі. Ассамблея төрағасының этномәдени бірлестіктерден тағайындалатын екі орынбасары Президент өкімімен бекітіледі.
  Сессияларды Ассамблея төрағасы жылына кемінде бір рет шақырады. Кезекті сессиясының өткізілетін күні, орны және күн тәртібінің жобасы ол басталғанға дейін бір ай бұрын хабарланады. Кезектен тыс сессия Ассамблея төрағасы бастамасы бойынша немесе Ассамблея мүшелері жалпы санының кемінде үштен бірінің өтініші бойынша шақырылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы өзара келісім мен бейбітшілікті сақтаудағы жұмысы жайлы айтыңдар.

  Ассамблеяның құрамы мемлекеттік органдар, этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен және қоғамдық-саяси саладағы абырой-беделі бар тұлғалардан құралады.
  Ассамблея хатшылығы Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің құрамына кіретін Ассамблеяның жұмыс органы болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғылыми-сарапшылық кеңес, этносаралық қатынастарды реттейтін журналистер мен сарапшылар клубы, ҚХА қоры, кәсіпкерлер ассоциациясы т.б. қоғамдық және кеңесші органдар құрылған.
  Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелігіне кандидаттарды жергілікті жерлердегі Қазақстан халқының кіші ассамблеялары, республикалық және аймақтық ұлттық-мәдени бірлестіктер, Ассамблея кеңесінің мүшелері ұсынады. Жыл сайын мемлекет этномәдени орталықтар мен кіші ассамблеяға қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Этномәдени орталықтардың басшыларына Президент гранты бекітілген.
  Барлық облыс орталықтарының Достық үйлерінде этно-мәдени бірлестіктер орналасып, ҚХА аймақтық құрылымдары қызмет етеді.
  Ассамблея өзінің құрылған кезінен бастап этносаралық қатынастар үйлесімділігі мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған беделді қоғамдық құрылымға айналды. Ассамблея «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Мәдениет туралы», «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және басқа да бірқатар заң жобаларын дайындауға белсене қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйі

  ҚХА маңызды жиыны Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткізіледі. Ассамблея жанынан шығатын «Достық – Дружба», «Менің елім» журналдары этносаралық қатынастар саласындағы атқарылған іс-шаралар туралы ҚХА-ның ақпараттық ресурстары ретінде бүкіл елімізге таралады. Ұлтаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған түрлі жиындар, форумдар өткізіледі.
  Қазақстан заңнамасына сәйкес, Парламент Мәжілісінде ҚХА-ның 9 өкілі депутаттар құрамына енген. Сенаттың 15 депутатын ұлттық-мәдени және басқа да қоғамның өзекті мүдделерін ескере отырып, Президент тағайындайды. ҚХА депутаттарының алдына елдегі этносаралық келісімді, бейбітшілік пен тұрақтылықты одан әрі нығайту басты міндет етіп қойылған. 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланды.
  4. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру тәжірибесінің әлемдік сахнадағы орны. Қазақстан халқы Ассамблеясының құнды тәжірибесі әлемдік тәжірибеге енгізіліп, жоғары бағасын алды. Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретіндеҚазақстанның халықаралық абыройының өсуіне ықпал етуде.

  Республиканың көпұлтты халқының өміріндегі Ассамблеяның рөлі туралы шетелде ірі халықаралық конференциялар өткізілді.
  Қазақстанның Ассамблея құрудағы тәжірибесін бірқатар ТМД елдері (Ресей, Қырғызстан, Молдова) қолданып отыр.
  Қазақстандық үлгі халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан айтқандай: «Қазақстан барлық мемлекеттер үшін тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің үлгісі болып табылады».
  2010 жылы БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанға сапары барысында: «Қазақстан халқы Ассамблеясының қағидаты мен бағыт-бағдары Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмыс қағидатына толық сәйкес келеді», – деп айрықша атап өтті.

Кофи Аннан

1. Қосымша деректерді пайдаланып, өздерің туған, өскен өлкелеріңдегі аудан, қала немесе аймақтық этномәдени бірлестік туралы айтып беріңдер.
2. Елде бейбітшілік пен келісімді одан әрі нығайтуға қатысты қандай ұсыныстарың бар?

Ассамблея (франц. Assemblee – жиналыс) – а) жиналыс; ә) қандай да бір мемлекеттік немесе халықаралық ұйым органының аты; б) қоғамдық ұйым атауы.
Форум – жиналыс. Ежелгі Рим қоғамдық өмірінің барлық саласы талқыланатын орталық алаңы. Нақты бір мәселені талқылауға салу үшін тиісті жұртшылықтың бас қосқан үлкен жиыны.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. «Қазақстан халқы Ассамблеясы – татулық пен бірліктің кепілі» деген пікірді ПТМС формуласы арқылы талдаңдар.
Позиция (мен солай санаймын, …)
Түсіндіру (… себебі, …)
Мысал (мен мұны мынадай мысал арқылы дәлелдей аламын …)
Салдар (айтылған мәселе бойынша мынандай қорытынды жасаймын …)

2-тапсырма. Кестедегі ақпаратты пайдаланып, IDEA формуласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуын талдаңдар.

  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАРЛЫҒЫ

  Қазақстан Халықтарының ассамблеясын құру туралы

  Қазақстан Республикасында қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында және Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабына сәйкес қаулы етемiн:
  1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанынан консультативтiк кеңесшi орган ретiнде Қазақстан Халықтарының ассамблеясы құрылсын.

  2. Қазақстан Халықтарының ассамблеясы туралы Ереже (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн.

  3. Қазақстан Халықтары ассамблеясының бiрiншi сессиясы 1995 жылғы 24 наурызда шақырылсын.

  4. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Қазақстан Халықтары ассамблеясының бiрiншi сессиясын өткiзуге байланысты мәселелердi шешетiн болсын.

  5. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. НАЗАРБАЕВ.
Алматы қаласы, 1995 жылғы 1 наурыз
№2066

1. Қазақстан Халқы ассамблеясын құрудағы мақсат қандай?
2. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамын естеріңе түсіріңдер.

×
×

Корзина