1) «Рухани жаңғырудың» ел тарихы мен болашағы үшін қандай маңызы бар?
2) Әлемдік жаһандану кезеңінде неліктен осы идея пайда болды деп ойлайсың?
3) «Рухани жаңғыру» идеясы мен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының қандай байланысы бар?
Ал біз бүгін жаңа дәуірде өмір сүріп отырмыз. Демек, жаңа заманға жаңа идеалдар керек. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы ең бірінші кезекте осы үшін керек. Жастарымызды жаңа жеңістерге жігерлендіру үшін керек! Мәселен, Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде замандастарына үлгі-өнеге болатын қаншама тұлғалар өсіп-жетілді. Мейлі спорт саласы болсын, мейлі ғылымда, өнерде болсын, мейлі өндіріс пен шаруашылықта болсын, осы бір жаңа есімдерді идеал етуге әбден болады. Ал руxани жаңғыруды жүзеге асыратын кімдер? Әлбетте, идеалдар!
А. Балажан
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген дарынды математик Асан Жолдасов – «Пифагор» қосымша білім беру мектебінің негізін қалаған жас маман. Бұл білім шаңырағы математика пәні бойынша халықаралық олимпиадалардан жүлдемен оралған мыңдаған жеңімпазды дайындап келеді.
Аталған жобаға Асан Жолдасов туралы мәліметтерді «Пифагор» мектебі оқушыларының ата-аналары жіберіпті. Өзге пәндерден гөрі математиканы сүйіп оқыған Асан бала күнінде алғашқы олимпиада жарыстарында жолы болмапты. «Жеңгенімнен жеңілгенім көп болды», – дейді ол. О. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебіне де бірінші сынақтан түсе алмай, кейін олимпиада жеңімпазы ретінде оқуға қабылданады. Одан соң ол бірнеше халықаралық олимпиада мен жарыстардың алтын, күміс жүлдегері атанады.
Асан Жолдасов – IT саласының маманы. Бірақ ол ұстаз болуды таңдапты. Жас математиктің есебі бойынша ол бір сағатта жүздеген баланың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жеңіске жетуіне ықпал ете алады. Оның алдағы мақсаты – еліміздегі математика ғылымын әлемдік деңгейге көтеруге өз үлесін қосу.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі жеңімпаздарын жариялауға арналған салтанатты шарада Асан Жолдасов оқушы кезінен-ақ математикадан республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғанын айтты. Ал мектеп бітіргеннен кейін, балаларға математиканы үйрете бастаған. «19 жасымда өз мектебімді аштым. Балаларды оқытқан кезде ең бастысы, олардың математикаға деген сүйіспеншілігін оята білу екендігін түсіндім. Содан бері оқытудың арнайы әдістемесін жасап, жылдан-жылға дамыта түстім. Қазір «Пифагор» үлкен компанияға айналды. Еліміздің астанасында, Алматы және Тараз қаласындағы мектептерімізде 136 мұғалім жұмыс істейді, 1500 талантты бала білім алып жатыр. Олар сабақтан шыға салысымен есептер шығарып, бір-бірімен бәсекелесу үшін бізге асығады. Есеп шығарып, шынайы қуанады», – дейді Асан.
Оның айтуынша, соңғы алты жыл бойы Қазақстан оқушылар құрамасының жартысына жуығын «Пифагор» мектептерінде білім алған балалар құрайды.
«Математик ретінде цифрларды жақсы көремін. Мақтан тұтатын цифрларым да бар. Білім саласында жұмыс істеген 10 жылдың ішінде 10 мың баланы тәрбиеледім. Олар бүкіл әлемде білім алып жүр, Фейсбукте, Гуглде өз компанияларын құруда. Олардың мыңы республикалық, халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанды. Олар 300 рет халықаралық олимпиадаларда алтын медаль алып, математикадан әлемде мықты екендігімізді дәлелдеді», – дейді ол.
inform.kz сайтынан
7. Суретке қара. Мәтін кейіпкері Асан Жолдасовқа сипаттама бер. Жас ғалым-ұстаздың сыртқы келбеті мен кісілік қасиеттерін мәтінге сүйеніп, диаграмма түрінде жаз. Диаграмманың сол жағына сыртқы келбетіне, ал оң жағына адамның мінез-құлығы мен болмысын сипаттауға байланысты тірек сөздерді жаз.