Сыни пікір
Сыни пікір немесе рецензия – журналистика, сонымен қатар ғылыми және көркем әдеби сынның жанры. Латын тілінен аударғанда «recensio» – «баға, хабарлама, сын, бір нәрсе туралы жазылған пікір» деген мағынаны білдіреді. Сыни пікір жаңа шығарма жайлы көпшілікті хабардар етіп, жазушы немесе ғалым жазған зерттеуге баға беріп, жөндеу үшін жазылады. Онда сол еңбекке пікір жазушы адамның өз көзқарасы баяндалады, бағасы беріледі, еңбектің жетістігі мен кемшілігі айтылады, кейде оны жетілдіре түсу үшін ұсыныстар көрсетіледі. Сыни пікір көлемі автордың талдауына байланысты болады.
Сыни пікір, ең алдымен, ғылыми негізде, объективті түрде, баршаға түсінікті тілде жазылып, шығарманы жазған авторға да, шығарманың оқырмандарына да пайда келтіруі тиіс.
Қазіргі кезде ең көп таралған рецензиялардың бірі – ғылыми жұмысқа берілетін баға. Рецензияда нақты ғылыми талдау немесе әдеби шығармаға кәсіби талдау жасалынып, сыни пікір не эксперттік қорытынды беріледі.