17 қаңтарда әлем бойынша Өнертапқыш балалар ашқан жаңалықтар күні аталып өтіледі. Қазақстандық жас өнертапқыштар ашқан жаңалықтар да бар.
2013 жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Хәкім Садуақас «Ламабатэл» атты мобильді аппарат ойлап тапты. Медициналық құрылғы диагностикамен терапияда төрт түрлі қызмет атқарады: лазеротерапия, магнитотерапия, биологиялық белсенді нүктелерді табу мен электромассаж. Құрылғы электр қуаты, аккумулятор және қарапайым батареямен жұмыс істейді.
Осы жылы Қостанай облысының кішкентай тұрғыны Олег Лило «Ай» атты зертхана жасады. Сегіз жасар ғалымның айтуынша, Айдың бетіндегі жағдайды анық көруге болады. Құрылғының камерасы, лазері бар. Олегтің жаңалығы Елордада өткен ғылыми-техникалық форумда «Аэроғарыштық техника, авиация және ғарыш ісі» номинациясы бойынша бірінші орын алды.
Семей қаласының 7-сынып оқушысы Виктор Хегай зағип адамдардың қозғалуына көмектесетін робот ойлап тапты. Роботтағы сенсор алдынан кедергі кездескенде иесіне белгілі бір дыбыс береді. Салмағы 200 грамдық бұл құрылғы киімге немесе баскиімнің алдына тағылады.
Астанамыздың 10-сынып оқушысы Темірлан Нәби жасанды бал ойлап тапты. Жасанды бал тұмауға қарсы ем және аллергия шығармайды. Оның құрамына су, қант, лимон қышқылы мен аздаған эфир майы кіреді. Ал дәмі жағынан ментолға ұқсайды.
«Егемен Қазақстан» газетінен