Шың суретті бейне жұмбақ,
Тұрғандай көп сыр жиып.
Шыңды айналған құзды шаттар,
Құзды шаттар аққан су,
Сылдырайды мұз бұлақтар,
Мұз бұлақтар уда-шу.
Сөзім мысал, достым, тыңда,
Тыңда, достым, ойлап ал.
Түрлі сыр бар сол бір шыңда,
Сол бір шыңда қойма бар.
Қойма шыңның нақ басында,
Нақ басында қақпасы.
Алтын жазу қақ басында,
Қақпаның тас тақтасы.
Сол қоймада қымбат жасау,
Қымбат жасау сақталған.
Текшелеген сымдап жасап,
Сымдап жасап қақталған.
Бір сандық бар емес түрде,
Емес түрде көрнекті.
Бір түкпірде беті перде,
Беті перде өрнекті.
Бір сандық бар, ол сандықта,
Ол сандықта бір сандық.
Сырдың кілті қол сандықта,
Қол сандықта сыр сандық.
Сандық іші қызыл-жасыл,
Жасыл жібек перделі.
Толған қымбат сақтаулы асыл.
Асыл сым бар пернелі.
Сұлу жанды сұлу сүйген,
Сұлу сүйген сыршылым.
Жібек талдап түйін түйген,
Түйін түйген, түршілім.
Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын!