Құндылықтарға байланысты ой-тұжырымдар адам туралы ілімдердің барлығында қамтылып отырады. Өйткені адамның мәні оның құндылықтарға деген қатынасымен өлшенеді. Философия ғылымында құндылықтар туралы ілім аксиология деп аталады. Бұл ғылым саласы өзінің бастауын құндылықты адам игілігі деп қарастырған ежелгі гректерден алады.
Ғылыми еңбектерде құндылыққа мынадай анықтама берілген: «Құндылық – мәдениеттің құрамдас бөлігі. Мәдениеттің құрамдас бөлігі болуы себепті құндылық адамдардың өзін ұстауын реттейді, олардың шынайы тәртібін айқындайды. Мәдениет құндылықтары, тиісінше, материалдық және рухани болып бөлінеді». Осы ойдан туатын түйін: құндылықтар – адамның бойына шынайы кісілік қасиеттерді сіңіретін, оларды ізгілікке бастайтын, қоғамдағы өз орнын саналы түрде иемденуге, адамзат баласын бірін-бірі, өзі өмір сүріп отырған ортаны, ғаламды сүюге, құрметтеуге ықпал ететін рухани қайнар көз. Ғалымдар құндылықтарды финалдық, құралдық, туынды деп бөліп көрсетеді.
Финалдық құндылықтар – ең жоғары құндылықтар мен идеалдар. Олардан артық ештеңе жоқ. Адамдардың өмірінің мәнін құрайтын, оның ең басты мүдделері мен бағдарларын айқындаушықұндылықтар (өмір, еркіндік, сұлулық, адалдық, бақыт, махаббат, ар, гуманизм, денсаулық және т.б.). Философтар мұндай құндылықтарды «өзінен-өзі туындап жататын нәрселер, олар басқа бір мәселені шешу үшін емес, адамның өзі үшін қажет» деп бағалайды. Кімнің бойында осы құндылықтар бар болса, ол одан әрі ұлғая береді де, басқа бір өмірлік жетістіктерге жеткізетін әрекеттерді жүзеге асыруға қажетті іргетас қалайды. Бірақ финалдық құндылықтарды адам басқа бір әрекеттерде жемісті болу үшін емес, оларсыз өз өмірінің мәні тереңдейтінін сезінгендіктен меңгереді.
Құралдық құндылықтар – финалдық құндылықтарға қол жеткізу үшін қажетті құралдар мен жағдайларды айқындаушы құндылықтар. Мысалы: әдемі бұйымдар, талғамды киімдер, көркем туындылар – сұлулыққа тамсану үшін керекті құралдар. Сол сияқты спортпен айналысу – денсаулық секілді финалдық құндылыққа жетудің жолы. Оқу – болашақта адамның өміріндегі нақты мақсатқа қол жеткізудің шарты, мүмкіндігі, құралы болып саналады. Құралдық құндылықтарға пайдалы болу тән. Олар неғұрлым нақты бір мақсатқа қол жеткізуге пайдалы болса, соғұрлым құнды болады. Сонда тіл де – құрал, оқу да – құрал. Екеуін қатар жетілдіру олардың бірімен бірін ажырағысыздай етіп өру – құндылықтарды қалыптастырудың негізі.
Туынды (производные) құндылықтар басқа бір құндылықтардың нәтижесі немесе соларды білдірудің символдық, белгілік мәні болып саналады. Мысалы, сыйлық – құрметтің, достықтың, махаббаттың туынды құндылығы. Медаль – адамның мәртебесін өсіруге қажетті құрал.
Құндылықтар ұдайы бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Кей жағдайларда адамның бір құндылықты таңдауына тура келеді. Мысалы: Өмір – Ар; Достық – Махаббат; Білім – Демалыс.
(«Мәдениеттану негіздерінен»)