Бір диуана келді де,
Асаменен түртіп оятты…
Есектен түспей тіл қатты:
«Менің атым – Шашты Әзіз,
Қыламын десең ықылас,
Жарылқады жаратқан,
Ей, бейшара, көзіңді аш!
Ұлыңның аты – Алпамыс,
Қызыңның аты – Қарлығаш,
Атса мылтық өтпейді,
Шапса қылыш кеспейді,
Қалмақтармен болар қас.
Түрегел де, қолың жай,
Болады өзі өмір жас!»
***
…Басына қалқан төңкеріп,
Сауытын алды киініп.
Саймандарын сайланып,
Әбден алды түйініп.
Лашын құстай құйылып,
Қабағы тастай түйіліп,
Жауатұғын бұлттай,
Келе жатыр қалмақ құбылып.
Кішігірім таудай боп,
Келеді қалмақ қуарып.
Күлді: «Қазақ қайда? – деп, –
Шұбар атты бала»,– деп,
Айғайлап дауысын шығарып.
Қараманды көргенсін,
Жақындасып келген соң,
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Жаратқан, жаппар Құдайым,
Дергейіңе жылайын.
Қашпағым менің ар шығар,
Өлсем де қарсы тұрайын.
Қабырғам болса, қатқан жоқ,
Барма деп атам айтқан жоқ,
Енді қандай қыламын?»