Аяулы әжем

Шығармадағы оқиғаға баға беремін және өз ойымша қайта құрамын.

1. Бес түрлі жауап ойластыр.

… (қандай?) әжем.

2. Осы сұраққа ақын қалай жауап берген? Түсініп оқы.

Әжем туралы әңгіме

Саусағы сары ала жүзікті,
Әрдайым жайдары,
Жаз өңді.
Көп ертек білетін қызықты,
Көрсеңдер аяулы әжемді.

Әлдекім әжемнің шашына
Әдейі бор жағып қойғандай.
Кимешек тартқанда басына,
Болады ақша бұлт қонғандай.

Әжемнің осы екі заманда,
Көргені керемет көп дейді.
Ал жасын анықтап санауға,
Қолымның саусағы жетпейді.

Қайқы бас жіңішке таяғы,
Қолынан түспейді жүргенде.
Бұрышқа апарып қояды,
Даладан бөлмеге кіргенде.

Орнында тұрса да таяғы,
Шығарда таба алмай қалады.
Кәрілік жеңгесін баяғы,
Кеміген көзінің жанары.

Мұндайда өзім зыр қағамын,
Бұрышқа жүгіріп барамын.
Әжемнің қайқы бас таяғын,
Қолына ұстата қоямын.

– Көп жаса,
Кішкентай құлыным,
Жақсылық істедің қарт үшін! –
Дейді әжем
Ақырын жымиып,
Көрсетіп сиреген сары тісін.

Санаулы тісінің қалғаны,
Сақталған секілді саулары.
Жемейді ол шекер мен алманы,
Сүйеді құймақ пен жарманы.

Кейде әжем бақшаға барады,
Қалғандай бойына әл кіріп.
Қолымнан жетелеп алады,
Қалады қайтарда алқынып.

– Әжетай,
Алайық тынығып,
Шаршадым, – деймін мен өтініп.
Әдеті бойынша жымиып,
Демалар көгалға отырып.

Жүрерде таянып таяғын,
Орнынан тұрады ол әрең.
Әттең,
Мен кішкентай баламын,
Әйтпесе, арқалап алар ем.

Қастек Баянбай

Оқиғалы өлең де болады. Мұндай мәтіндерде кейіпкерлердің сөйлесуі (диалог) болады, белгілі бір оқиға өлең сөзбен баяндалады.

3. Автор туралы әңгімеле.

Қастек Баянбай
1936 ж.т.

  • Балалар ақыны, жазушы.
  • Ақынның «Тәтті сабақ» өлеңдер жинағына Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлық берілген (1986 ж.).
  • «Қастектің ойлары өрнекті, сөздері тұшымды. Үлкен-кішіні бірдей баурап алады. Сөз қадірін жетік түсінеді».

Мұзафар Әлімбай

4. Өлеңге сүйеніп, әжені сипатта.

мәнді, мағыналы

5. Өлеңнен суреттегі зат туралы айтылған тұсын тауып оқы. Баланың іс-әрекетіне баға бер.

6. Өлеңді түсініп оқы.

Немере

– Әжетайым қайда менің?
Мектебіме бармақ едім,
Күйдірермін бармағымды,
Үтіктеші шалбарымды, –
Деп жалынды немересі,
Жалынудың шебері осы.

Кеткен әже жетпіс асып,
Түрегелді белін басып.
Жүре беріп «белім» деді,
Бірақ өзі ерінбеді.
Шалбарды алып,
Шаңын қағып,
Үтіктеді барын салып.
Ысқырып жүр немересі,
Тоғышарлық – деген осы.

Қастек Баянбай

ой өрісі төмендігі, дөрекілік, мейірімсіздік.

7. Баланың орнында сен болсаң, не істер едің? Өлеңдегі оқиғаны өз ойыңша қайта құрып, әңгімеле.

8. «Тоғышарлық», «Қамқорлық» тақырыптарына оқиғалар ойластырыңдар.

×
×

Корзина