Менің қарындасым

Мәтінді бөліктерге бөліп, ат қоямын.

1. Берілген сұрақтар бойынша әңгімелеңдер.

– Отбасыңда кіммен көбірек ақылдасасың?
– Кімнен жиі көмек сұрайсың?
– Кіммен ойнайсың?
– Кімге еркелейсің? Кімді еркелетесің?

2. Әңгімені түсініп оқы.

Менің қарындасым

  Биыл қысқы демалыста ауылға келгенімде, қарындасымның соншалықты тез өсіп, өзгеріп кеткені қатты таңырқатты.
  Кеше ғана жолда келе жатқанымда оны көз алдыма тіптен басқаша елестетіп едім. Орта бойлы, толықша келген қара торы жүзді, әр кездегі ерке қалпында менімен таласа кетуге дайын тұратын өжет қыз. Шолақтау келген сүйкімді мұрны үнемі күлкі нышанын аңғартып,сөйлеген кезде делбіреп тұратын. Қақ жара өрген қалың қара шашының маңдай-алды бұрымына қосылмай, бұйралана шоқтанып біткен. Ол кейде желбіреп көзіне түсетін. Осы бір көзіне түсе беретін «тентек» шашы кейде менің зығырданымды қайнатушы еді. Өз-өзімнен қарындасыма тиіскім келіп кететін де, аяқасты ашу шақырып, айғайлап ұрыса бастайтынмын. Шынымды айтсам, үйдегі уақытымның көбі қарындасыма шүйліге жүріп, үлкендік ақыл айтумен өтетін-ді. Оның бойынан әрқашан қызға лайықсыз міндер тауып, кінәлап ұрсушы едім. Ал ұрысқан кезімде, ол көзі жапақтап бәрін мойындап, үнсіз отыратын да менің жүзімде сәл жылылық пайда болған сәтте-ақ, өзіме қосыла езу тартатын. Сол-ақ екен, мені қуақы қылығымен алдаусыратып, ептеп қана есікке жылысатын. Егер менен бұрын есікке жетіп үлгерсе, айтқан ақылымның түгелдей зая кеткені. Әлгінде ғана жәудіреп отырған қарындасым тордан құтылған дала құсындай, ойнақшып шыға келеді. Маған қарап тілін шығарып:
  – Мақтаншақ! Үлкен болғаныңа мақтанасың ғой, брр… – деп мазақтап, сыртқа қаша жөнелетін. Ондайда мен жарылып кете жаздап, ызаға булығамын. Артынан қуа шығып:
  – Келерсің, бәлем, үйге! – деп жұдырығымды түйемін.
  Кей кездерде оның күнделікті сабақтарын тексеріп, сұрақтар беріп, өзімше «емтихан» да алатынмын. Сұрақтарым сабаққа қатысы жоқ, кездейсоқ болушы еді. Егер қарындасым жауапты дөп қайтара алмай қалса, ұрыстың басталғаны. Бірақ амал қанша, ұрысып айтқан ақылымды күле тыңдап, жөні келсе, әлгіндей мазақтап кете беретін. Әсіресе осы тілін шығаратын әдетті қайдан тапқанын білмеймін, қанша айтсам да қоймайтын.
  Міне, осындай ерке қылықты мінездерімен сағындырған сол қарындасым бүгін бір түрлі өзгеріп, жат болып кеткен секілді. Жүгіріп келіп құшақтай алар деп тұрғанымда, салмақты басып келіп, сабырлы амандасуы да ойымдағыдай болып шықпады. Сонда да болса, мен амандықтың соңынан:
  – Қалай оқып жүрсің? Әлі емтихан аламын, – деп үлкендік әдетіммен ескертіп қойғанмын. Ол сәл қызарып кетті де:
  – Дайынмын, аға, – деді.
  Қарындасымның қазіргі жүріс-тұрысы да, сөйлеуі де, тіпті езу тартып күлгені де басқаша. Бойы сұңғақтанып, қара торы ерке жүзі ашаңдаған, есейгендік пішін бар, ойнақшып тұратын отты көздері де байсалды, ойлы қарайды. Шолақ мұрнының ұшы үшкілденіп, қырлана түсіпті. Жаңадан тіккізген қызыл драп пәлтесі де өңіне жарастық беріп тұр. Бір сөзбен айтқанда, қарындасым тамаша сұлу қыз болыпты…

Сайын Мұратбеков

3. Автор туралы әңгімеле.

Сайын Мұратбеков
1936–2007

  • Алматы облысы Қапал ауданы Қоңыртау баурайында дүниеге келген.
  • Жазушы, аудармашы.
  • «Сайынның ең тұңғыш көркем туындысы «Менің қарындасым» әңгімесі кейіпкер сезімінің шынайылығымен өз оқушысын баурап алып еді»..

Сағат Әшімбаев

4. Берілген суреттерге сүйеніп, мәтінді бөліктерге бөл. Ат қой. Кейіпкердің портретін сипаттап айт. «Тамаша сұлу қыз болыпты» деген жолдар қай бөлікке қатысты? Жалғастырып айт.

Сағат Әшімбаев – сыншы, әдебиеттанушы.

Эссе – белгілі бір мәселе жөніндегі ойдың түйіні.
Талаптары:
1) тақырыпқа сай тұжырым беріледі;
2) сол тұжырымның дұрыстығына дәлел келтіріледі;
3) сол тұжырымға әсер беретіндей көркем ой айтылады: өлең жолдары, нақыл сөздер т.б.

5. «Менің қарындасым (сіңлім, інім … т.б.)» деген тақырыпта портрет пен мінездеу құрастыр.

6. Өз отбасың туралы бір тұжырым жаса. Сол тұжырымды негіз етіп алып, эссе жаз.

×
×

Корзина