Бойындағы мінге қатты намыстанатын – балалардың әдеті. Қара баланың аты Рудик еді. Ол өзінің денелілігін кемшілігіне санап, неге осынша жұп-жуан, зор болдым екен деп кейде қынжылатын. Оның ұғымында денелілік өзінің сиқын алып тұрғандай сезілетін. Осы «мініне» қорқақтың аяқастынан шап беруі оған батып кетті. Бірақ іштей шыжалақтаса да, алдағы уақыттарда қысылтаяң жерде «мінін» бетке басып, балалардың жармаса кететінін ойлап, ол бұған мән бермегенсіп, әуелгі беттегі қарқыннан таймады.
– Ой, мен сені сақау ма десем, тілің бар екен ғой… Қане, аузыңды ашшы, тіліңді көрейік…
Бұл сөзіне балалар ду күлер деп ойлап еді. Алайда ешкім езу тартпады.
– Барбосты шақырайын ба, бәлем… – Осыны айтып, ол өзі күлді.
– Шақыр!..
– Батырсынуын ұзын құлақ қоянның.
– Мен қоян болсам, сен, сен… – деп Едик асқа қақалған адамша шашалып, тұтығып қалды.
– Иә, кіммін? Айтып көр… – деп қара бала орнынан атып тұрып, Едикке төнді.
– Неменеге қорқасың? Айт, – деді Коля сыбырлап.
Демесінді байқаған Едик қоқиланып:
– Түк те қорықпаймын, айтамын, – деп қара балаға ежірейе қарады:
– Сен бар ғой, сен аюсың!..
– Аю?
– Қараңдар, әне, құдды аю, қорбаң-қорбаң етеді.
Оның бұл теңеуі балалардың көкейіне қона кеткендігі сондай: Едикке әлгіндегідей емес бәрі де сүйсіне қошемет көрсетіп, ду күлісті.
– Мишка, Мишка, қисық аяқ Мишка! – деп өлеңдетті біреулер.
Дәл осы минутта мұғалім кіріп келмегенде, мұның аяғы жақсылықпен тына қоюы екіталай еді…