Баяғы заманда бір ханның жалғыз баласы болыпты. Хан бір өзеннен тоқсан мың жылқы суарады екен. Жылқыларын қайда суарса да, су шақ келмепті. Хан бір жерден екінші жерге көшіп, басқа бір құдыққа қоныс аударыпты. Әлгі құдықтан қанша жыл суарса да, суы таусылмайды, мөлдіреп шығады да тұрады екен. Хан бұл құдық бір қасиетті құдық екен деп, құдыққа келген сайын бір ту бие тастап кетіп отырады. Бірнеше жыл өткен соң, хан қатты ауырып, өлер алдында баласына:
– Балам, сен осы құдыққа жыл сайын бір ту бие тастап кетіп жүр, ұмытпа! Өзі бір қасиеті бар құдық, – дейді. Бала әкесі өлген соң, уәзірдің баласы екеуі ақылдасып, мұның не кереметі бар екен деп ойлайды. Ханның баласы:
– Сен неде болса, осы құдыққа түс, осының бір кереметі бар шығар, әйтпесе, құдыққа жылына бір ту бие тастап кетеміз, неге ол сасымайды? – дейді.
Сөйтіп, уәзірдің баласын шыңырау құдыққа түсіреді. Бала түсіп, құдықтың түбінен бір тас көреді. Әлгі тасты аударып қараса, ар жағы жап-жарық, кең бір дүние екен. Ішіне кіріп барса, үлде мен бүлдеге малынған қырық сұлу қыз отыр, олардың ортасында бір қыз мамық төсектің үстінде ұйықтап жатыр екен. Бала қырық қыздан мұның жөнін сұрайды. Сонда қыздардың айтқаны:
– Бұл қыз – су патшасының қызы. Егер кімде-кім қызды өзіне жар етіп алғысы келсе, қызды тізесіне ұйықтатып, оятарлықтай әңгіме айтып берсе, қыз соған тұрмысқа шығады, – дейді.
Уәзірдің баласы қызды алуға ниет етіп, оятпақшы болып,не қызық әңгіме айтса да, қыз оянбапты. Сонан соң бала құдықтан шығып, ханның баласына болған уақиғаны баян етеді. Енді ханның баласы құдыққа түседі. Баяғы отауға келіп, қызды тізесіне жатқызады да, әңгімесін бастапты:
– Баяғы заманда кемпір мен шалдың бір баласы болыпты. Бір күні үшеуі бір жерден келе жатқанда бала ат басындай алтын тауып алыпты. Оны бала көтере алмаған соң, әкесі көтеріп әкеледі де, кемпіріне сақтауға беріпті. Сонан көп жылдар өтіп, бала ержетеді, әке-шешесі қартаяды. Бір күні отырып, үшеуі алтынға таласады. Сонда бала айтады:
– Егер мен таппасам, алтынды қайдан алар едіңдер? – дейді. Әкесі:
– Егер мен көтеріп әкелмесем, қайтып әкелер едіңдер? – дейді. Шешесі:
– Егер мен сақтамасам, бұл алтын осы күнге дейін тұрар ма еді? – дейді. – Ал, шешіңдер, алтынды осының қайсысына берер едіңдер? – дейді бала.