Жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменов 1938 жылы 29 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысындағы Шорнақ деген жерде дүниеге келген.
Жазушы балалық шағында кітап оқуға өте құмар болған. Асқар Сүлейменовтің ауылдастары оның кітапханадағы барлық кітапты оқып бітіргені туралы айтады. Бала кезінен ғылым мен білімнің әр саласындағы кітаптарды оқып, түйсінген жазушының ой-танымы өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған.
Жазушы драматургия саласында өнімді еңбек етті. Оның шығармаларында жеке адамдардың тағдыры арқылы қоғам өмірі, қоғамның бет алған бағыты суреттеледі. Жазушының аяқталмай қалған «Мінәжат» («Муһаммед») драма-диалогінде ұлттың тағдыры, жалпы адамзат мәселелері терең мағыналы философиямен бейнеленген.
1996 жылы «Ситуациялар» үштаған кітабы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы берілді. «Жетінші палата», «Қыздай жесір – штат қысқарту», «Төрт тақта жайнамаз» драма-диалогтері М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қойылды (режиссері Ә. Рахимов).
Асқар Сүлейменов проза, сын, драматургия саласымен қатар, кинодраматургия бағытында да көп еңбек еткен. Ол «Арғымақтар мен адамдар» деректі фильмінің, «Ас» («Құлагер»), «Баян-ел» («Қозы Көрпеш–Баян сұлу») көркем фильмдерінің сценарийін жазған. С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», М. Булгаковтың «Жендеттер», Б. Брехттің «Сычуанның мейірі», Э. Хемингуэйдің «Бесінші колонна», Т. Уильямстің «Әйнек айуанхана» т.б. пьесаларын қазақ тіліне аударған.
Жазушы ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің модернизм бағытында шығармалар тудырған қаламгер ретінде танылған. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тақырыбындағы «Бесатар» повесі стилі және суреттеу, баяндау, оқиғалар желісінің түзілуі жағынан ерекше туынды ретінде бағаланған.
Асқар Сүлейменов шығармашылығы туралы Ө. Қырғызбаев «Асқар ұшқан ұя» деректі повесін, «Парасат падишасы» естеліктер кітабын, Д. Тұрантегі «Асқар әлемі» зерттеуін, Т. Әсемқұлов «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» эссесін, А. Қалшабек «А. Сүлейменов шығармашылығындағы рухани-көркемдік ізденістер» зерттеулерін жазған.
«Бесатар» – ұлт әдебиетіндегі Ж. Аймауытовтың «Ақбілегінің», М. Жұмабаевтың «Жүсіпханының», М. Әуезовтің «Қорғансыздың күнінің» жалғасы. Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, М. Әуезов ұстанған концепцияны аяғынан тұрғызған жазушы осы Асқар Сүлейменов деп айтуға болады. Яғни ешбір асыра сілтеусіз айтар болсақ, «Бесатар» кезеңдік туынды еді. Еуропалық әдебиетте жаңа ағым еді, оны жаңғыртып қана қойған жоқ, жаңа ағымның негізін қалады деп айтуға болады.
Мәмбет Қойгелдиев
ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ – әдеби шығармадағы кейіпкердің ұлттық сипатымен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық және ойлау, сөйлеу өзгешелігі. Ұлттық мінез – тарихи категория. Ол қоғамдық, рухани, экономикалық және саяси жағдайларға сәйкес қалыптасады. Дүниені ұлттық түсінікпен қабылдау жолы – қай адамға болсын тән қасиет. Өнерде, әдебиетте адам бейнесінен бұл қасиет толық көрініп отырады. Әр халықтың өз эпикалық туындыларын олардың талай замандар ұлт болып қалыптасуынан бөліп қарауға болмайды.
Төрегелді Бекниязов