АДАМЗАТ ДАМУЫ ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК САЯСАТ

1. Сұраққа жауап бер.

1. Саясат деген не? Ішкі және сыртқы саясат дегенді қалай түсінесің?
2. «Әлемдік саясат» ұғымына не кіреді? Саясаттың әлемдік деңгейге көтерілуінің себебі не?
3. Әлемдік саясат пен жаһандық мәселелердің арасында қандай байланыс болуы мүмкін?

2. Суреттерге қарап, қазіргі заманда адамзат баласының алдында тұрған ғаламдық мәселелер туралы шағын мәтін құрап жаз. Оны оқушылардың алдында оқып бер.

3. Мәтінді тыңда.

4. Тыңдалған мәтін мазмұны бойынша 5 сұрақ жаз.

5. Тыңдалған мәтіндегі тірек сөздерді жаз. Оларды қатыстырып, мәтін құрап айт.

6. Тыңдалған мәтіндегі ақпараттың дұрыстығын тексер.

Әлеуметтік-тұрмыстық қатынас аясындағы сөз әдебі

   Әлеуметтік-тұрмыстық қатынас аясындағы сөз бейресми ортада адамдардың еркін, жақын қарым-қатынас жағдайында бір-бірімен сөйлесу, пікір алысу әдебін сақтауды талап етеді. Ол күнделікті қарапайым тілдесімнен бастап, танымал тұлғалардың қоғамдағы, өз ортасындағы атқарған ісін дәріптеу, мадақтау, оның сіңірген еңбегін бағалау арқылы тағылымды ой тастау үшін айтылатын мадақсөздерді де қамтиды. Заман талабына сай айтылатын әлеуметтік-тұрмыстық шешендік сөздер: мүшелтойға, мерейтойға қатысты жиындарда, баспасөзде, ақпарат құралдарында айтылатын мадақ сөздер, ұлттық дәстүрге сай бата беру, көңіл сұрау, көңіл айту, естірту де әлеуметтік-тұрмыстық шешендіктің түріне жатады.
   Әлеуметтік-тұрмыстық сөзге ауызекі сөйлеу стиліне, публицистикалық стильге лайық белгілермен қатар, көркем-әдебиет стиліне сай көркемдік, сөз айшықтығы, биік пафос, мөлдір романтика, шынайы шындық тән. Әлеуметтік-тұрмыстық шешендіктің озық үлгілері шешендік арнауларда, шешендік жоқтау сөздерде ерекше дараланып көрінеді. Оларда құрғақ мадақ емес, дәлелді, дәйекті сөз дәні мол болады.
   Әлеуметтік-тұрмыстық шешендік сөздерде қолданылатын тілдік құралдар: афоризмдер, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер, оқшау сөздер, ажарлау, айшықтау, шешендік фигуралар: риторикалық сұрау, риторикалық қайталау т.б. Онда эмоциялық-экспрессивтік мәндегі сөздер де орынды қолданылса, нұр үстіне нұр.

7. Мәтіндерді оқы. Екі пікірдегі ойды жымдастырып, сөз әдебіне қатысты бір диаграмма жаса

    І. Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады.

(Бөлтірік шешен)

   ІІ. Сөз әдебінің коммуникативтік (қарым-қатынастық), фатикалық (одан басқа да байланыс «орнату»), апеллятивтік (тыңдаушының назарын аудару), конативтік (сыпайылық таныту), эмотивтік (тыңдаушының көңілін аулау) т.б. қызметтері бар. Сөз әдебінің талаптарына сәйкес тіл пікір алысу құралы ретінде адамның тек ойын ғана емес, сезімін де білдіреді. Сөйлеудегі ізет, құрмет, сыпайыгершілік кісінің сезіміне әсер етеді. Олар сөйлеу актілерінде (амандасу, қоштасу, ризалық білдіру, кешірім сұрау, құттықтау т.б.) көрініс тауып, адамның ішкі мәдениетін танытады.

(Н. Уәли)

8. Тыңдалған мәтін мазмұнына сүйене отырып, досыңа хат жаз. Хатта өзіңнің қазіргі замандағы жаһандық жағдайларға алаңдаушылық білдіретініңді жеткіз. Досыңа өзіңді толғандыратын сұрақтарды қой. Хат әлеуметтік-тұрмыстық сөз әдебі талаптарына сай болсын. Хат көлемі: 180–200 сөз.

9. Мәтінді оқы.

    Әлемдік немесе халықаралық саясат – халықаралық қатынастардың негізгі субъектілерінің бірлескен саяси қызметі. Әлемдік қауымдастық бірігіп жасаған заңды органдар мен ұйымдардың қызметтері арқылы әлемдік саясат іске асады. Әлем мемлекеттерінің өзара қарым-қатынас жасауының ұстанымдары мен жолдарын анықтайтын әлемдік саясат – халықаралық қатынастарды реттеудегі шешуші фактор.
   Әлемдік саясат – әлем халықтарының гуманитарлық, ізгілікті ойлауының ортақ жетістігі. Техногендік, экологиялық мазмұндағы әлемдік қауіптер ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана маңызды болды. Ал одан бұрын ХІХ ғасырдың аяқ кезі мен ХХІ ғасырдың басында негізгі жаһандық қауіп әлемдік соғыстар қаупі болатын. Мемлекеттер өзара қайшылықтарын түрлі соғыстармен шешіп келді. Әлем тарихында мыңдаған соғыстар белгілі. Соның ең ауыры 1914–1918 жылдардағы Бірінші және 1939–1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс болатын. Екі дүниежүзілік соғыста 100 миллионнан астам адам қырылды. Сондықтан әлем халықтары мемлекеттер арасында бейбітшілікті сақтау қажеттілігін сезінді. Әлемдік саясат соғыс және бейбітшілік мәселесін әлем мемлекеттерінің ортақтасып шешуімен басталады деп есептеуге болады.
   Әлемдегі бейбітшілікті сақтау үшін дамыған мемлекеттер адамды және оның құқықтарын қорғауды міндет деп таниды. Осының негізінде әлем мемлекеттерінің озық елдері құқықтық мемлекет және қоғамдық өмірді демократияландыру үдерісін бастады. Адам мәселесі өркениетті мемлекеттерді бір ортаға жинақтайтын, өзара консенсусқа, түсіністікке жетелейтін іргелі, өзекті мәселеге айналды. Өркениетті мемлекеттердің ықпалымен әлем халықтары адам құқықтарын қорғайтын саяси билік жүйелерін қалыптастыра бастады. Әлемдік ортақ мәселелерді шешу ғасырларға созылған әлемдік ізгілікті, әділетті тәртіптер орнатуға деген әлем халықтарының құлшынысының негізінде қалыптасады. Ал әр елдегі адам мәселесін шешу және оның құқықтарын қорғау үшін жаһандық мәселелерді шешу және жаһандық қауіптермен күресу қажет болды.
   Адамзаттық тағдыр ортақтастығы мәселесі барлық халықтар мойындайтын бірінші басымдылыққа айналды. Әлем мемлекеттері ортақ азаматтық мәселелерді бірлескен күшпен шешпейінше, тұрақты даму болмайтындығын түсінетін дәрежеге жетті. ХХІ ғасырда жаһандық мәселелердің күрделене түсуі әлем мемлекеттерінің әлемдік саясатпен айналысуға деген зәрулігін тіптен күшейтіп жіберді.


(«Саясаттану» кітабынан)

10. Мәтіннің соңғы абзацына тақырып қой. Әр мемлекеттің әлемдік саясатпен айналысуға деген зәрулігі туралы пікірді өз ойыңмен 3–4 сөйлем арқылы жалғастыр.

11. Сөздіктің көмегімен мәтіндегі қарамен жазылған сөздердің мағынасын анықта. Олардың синонимін тап. Тірек сөздерді қатыстырып, сөйлем құрап жаз.

12. Мәтінді INSERT оқыту стратегиясы бойынша талда. Төмендегі белгілермен әр абзацты немесе сөйлемдерді белгіле. Өз ойыңды қорытындылап жаз.

13. Суреттегі қайраткерлердің әлемдік саясатта қандай орны бар деп ойлайсың? Ақпарат көздеріндегі материалдарды пайдаланып, олардың әлемдік саясатқа қатысы жөнінде пікір алысың дар.

Олжас Сүлейменов

Күләш Байсейітова

Өмірзақ Сұлтанғазин

14. «Ассоциация». Мәтін мазмұны мен «Қазіргі заманда АДАМ ең маңызды құндылыққа айналып отыр» деген өткен тараудағы тұжырымның арасында қандай байланыс барын ашу үшін ой бөлісіңдер.

15. Мәтіннің соңғы абзацындағы ойды әрі қарай жалғастырып, «Адамзатты алаңдатып отырған проблемалар» тақырыбында постер жаса.

16. Жаһандық мәселе тек үлкен нәрселерге қатысты бола ма? Ата-анаңмен, ата-әжеңмен осы тақырып жөнінде әңгімелес. Араларыңдағы диалогті бейнетаспаға түсіріп, олардың өзіндік көзқарастарына талдау жаса. Өз ойыңды түйіндеп жаз.

17. Ақпарат көздерінен әлемдік саясатты жүргізуге ықпал етіп отырған халықаралық деңгейдегі ұйымдар туралы мәлімет жина. Мысалы: БҰҰ, Еуроодақ және т.б. Олардың ішінен өзің аса маңызды деп санайтын үш ұйым туралы ақпаратты кесте түрінде жаз.

18. «Шығу парағын» пайдаланып, төмендегі сұрақтарға жазбаша жауап бер.

1. Бүгін не үйрендің?
2. Сабақ бойынша қандай сұрақтарың бар?
3. Келесі сабақта қандай мәселелерге баса назар аудару керек?

×
×

Корзина