Жүйке жүйесінің міндеті – жеке бөліктердің жұмысын ұйымдастырып, оларды тұтас ағзаға айналдыру. Жүйке жүйесінің мүшелері (жұлын, ми, барлық жүйке) жүйке ұлпаларынан тұрады.
Әр адамда жіңішке электр сымы тәрізді талшық бар. Бұл – жүйке тамырлары. Осы сымдарды, яғни жүйке тамырларының бойымен электр сигналдары – импульстер дененің түрлі бөліктерінен миға және мидан кері қарай беріледі. Сигнал беру жылдамдығы 400 км/сағатқа жетеді.
Ми жүйке жүйесін басқарады. Ол миллиардтаған жасушалардан тұрады. Ми жүректің жұмысын реттейді, көруге, естуге, ауырсыну мен аштықты, қиналу мен қуануды сезінуге мүмкіндік береді.
Басыңды ұстап көр. Сенің саусақтарыңның ұшынан небәрі 2,5 см жерде соққыға төзімді сұйық ішіндегі бас сүйек қорғап тұрған 1,5 кг әлсіз қызғылт-сұр түсті ұлпа бар. Оның сырты грек жаңғағының дәніне ұқсайды.