§45. ЭКҰ әдісінің медициналық аспектілері: технология туралы нақты мәліметтер
(Қосымша оқу үшін)

  ЭКҰ үшін қарсы көрсетілімге әйелдердің бірқатар аурулары жатады. Оған ЭКҰ процедураларына кедергі келтіретін онкологиялық аурулардың барлық түрі, ауыр тұқымқуалаушылық патологиялар, жыныс мүшелерінің қабыну үдерістерінің өткір фазалары, жыныс мүшелерінің туабіткен деформациясы, бірқатар психикалық аурулар жатады. Ерлерде ЭКҰ процедураларына қарсы көрсетілім жоқ десе де болады.
  ЭКҰ жүргізу үшін қолданылатын әдістер мен әдістемелер қазіргі кезде үнемі жетілдірілуде. Қысқаша айтқанда, ЭКҰ процедураларын жүргізу үшін жұмыртқа жасушаларын, сперматозоидтерді алып, ұрықтандырып, эмбрионды өсіріп, жатыр қуысына енгізу керек. Осы сәттердің әрқайсысының ерекшеліктеріне нақты тоқталайық.
  Жұмыртқа жасушаларын алу – ЭКҰ үшін жетістікке жету мүмкіндігін арттыру үшін бірнеше жұмыртқа жасушасы керек. Әдетте, әйелде бір етеккір циклінде бір жұмыртқа жасушасы пісіп-жетілетіндіктен, бірнеше жұмыртқа жасушасын алу үшін «стимуляция» немесе суперовуляция деп аталатын процедура жүргізеді. Ол үшін дәрігер әйелге гормонды препараттарды қабылдауды бұйырды. Гормондық терапия 7 күннен 20 күнге дейін уақыт алады.
  Фолликула белгілі бір мөлшерге (16–20 мм) жеткен соң, жұмыртқа жасушасын алу процедурасын тағайындайды. Оны жалпы немесе жергілікті анестезия арқылы жүзеге асырады, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) арқылы тікелей бақылайды және бағыттайды. Әйел денесіне енгізілген арнайы аппаратпен фолликула құрамын – фолликула сұйықтығын сорып алады. Жұмыртқа жасушалары инкубаторда ұрықтану сәтіне дейін болады немесе сұйық азотта мұздатылады, яғни криоконсервацияланады¹.
  Сперматозоидтер ұрықтану күні алынады немесе алдын ала алынып, сұйық азотта мұздатылып сақталады.
  Ұрықтану алдында сперматозоидтерді шәует (ұрық) сұйықтығынан шаяды да, арнайы әдіс арқылы олардың ішінен едәуір сапалысын бөліп алады. Қажет болса, хромосоманы зерттеу тағайындалуы мүмкін. Ресей де және бірқатар елде болашақ бала жынысын таңдауға тыйым салынған. Бірақ ата-анасында жынысқа байланысты тұқымқуалаушылық ауру болған кезде жынысты жасанды таңдау міндетті болып табылады. АҚШ-та және бірқатар басқа елдерде ата-анасына болашақ бала жынысын таңдауға тыйым жоқ.
  Сынауықта ұрықтандыруды эмбриолог-дәрігерлер эмбриологиялық зертхана жағдайында немесе ЭКҰ клиникасының эмбриологиялық бөлімінде жүргізеді. Ұрықтандыруды екі әдістің бірімен жүзеге асырады. Бірінші, едәуір қарапайым әдісте қоректік ортадағы жұмыртқа жасушасына сперматозоид суспензиясын қосады. Сперматозоидтерді бір жұмыртқа жасушасына 100–200 мың есеппен қосады. 2–3 сағат бойы сперматозоидтердің бірі өз ядросын жеткізеді, яғни оны ұрықтандырады.
  Екінші, едәуір күрделі әдісте сперматозоид ядросын жұмыртқа жасушасына микрохирургиялық инструменттер көмегімен «қолдан» енгізеді. Әдетте, бұл әдіс болашақ бала жынысын анықтау кезінде немесе бірінші әдіспен ұрықтандыру мүмкіндігі төмен болғанда, сперматозоид мөлшері (сперма сапасы нашар болғанда) өте аз болғанда қолданылады. 
  Сперматозоид ядросы енген соң жұмыртқа жасушасы – зигота, эмбрион² деп есептеледі. ЭКҰ кезінде ұрықтану мүмкіндігі 60–70%-ды құрайды. Эмбрионды жасанды жағдайда 2 күннен 6 күнге дейін сақтайды3. Ол үшін СО2-инкубатор-шкафтар қолданылады. Ол жерде температура 37°C және атмосферадағы СО2 мөлшері 5–6% болады. Эмбриондар (зиготалар) инкубаторда арнайы қоректік ерітіндісі бар тікелей зертханалық ыдыста (Петри табақшасы және т.б.) сақталады. Оған негізгі физиологиялық иондар (Na
+, K+, Ca2+, Mg22+, Cl, CO32 және т.б.), энергетикалық субстраттар (глюкоза, пирожүзім және сүт қышқылы), аминқышқылдары, көбінесе дәрумендер мен қан сарысуының нәруыздары кіреді. Инкубация уақытында адам эмбрионының мөлшері үлкеймейді. (Зиготаның бөлшектену үдерісін еске түсіріңдер). Алғашқы 4 күнде оның мөлшері – 0,1 мм, ал 5-күні – 0,15–0,2 мм, бірақ оны құрайтын жасушалар саны көп рет артады. Мысалы, 1-күні бар-жоғы 1 жасуша – зигота. 2-күні 4 жасуша, демек, екі митоз өтті. 3-күні – 8 жасуша, демек, тағы да екі митоз өтті. Ал 4-күні жасушалар саны 10-нан 20-ға дейін артады. 5-күні олар 40-тан 200-ге дейін болады. Бұл – эмбрионды әйел ағзасына енгізу үшін мінсіз уақыт.

  ¹ Қазіргі кезде АҚШ-та және Батыс Еуропа елдерінде ана болуды кейінге қалдыру үрдісі бар. Ол 30–35 жастан кейін бала тууды жоспарлаған, бірақ кейін бала тууға байланысты көптеген проблемаларды болдырмау үшін өзінің сау жұмыртқа жасушаларын сақтағысы келетіндерге арналған. Криоконсервация – жас кезінде әйелден алынған жұмыртқа жасушаларын кейін ЭКҰ кезінде қолдану үшін мұздату және сақтау.
  ² Қажет болса, имплантацияға дейін эмбриондағы кейбір хромосомалық немесе кейбір генетикалық патологияны зерттеу тағайындалады. Сонымен қатар осы әдіспен эмбрион жынысын анықтауға болады.
  3 «Инкубатордың» орнына эмбрионды «тоңазытқышқа» салады да, ол криоконсервацияланады. Кейбір клиникаларда пациенттің қалауы бойынша тіршілікке қабілеті бар эмбриондарды мұздатады да, сұйық азот температурасында сақтайды. Бірінші әрекет сәтті болмай имплантация жүзеге аспаған жағдайда мұздатылған эмбрионды пайдаланады. Бұл бүкіл үдерісті емес, ЭКҰ-дың тек соңғы сатыларын қайталауға мүмкіндік береді.
  Эмбрионды жатырға салу жұмыртқа жасушасы ұрықтанған соң, 1–5 күннен кейін жүзеге асырылады. ЭКҰ-ның заманауи практикасы мынадай: әдетте, ұрықтың сәтті имплантациясы мүмкіндігін арттыру үшін 2–3 эмбрион салады.

×
×

Корзина