Ауа алуан түрлі себептерден ластанады, ауаның кез келген ластануы адам денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктерге зиянды әсер етеді.
Ауаны ластайтын заттар әртүрлі аурулар тудырады. Егер адам жанған өнімдермен (мысалы, дизельді қозғалтқышы бар көліктен шыққан газбен) ластанған ауамен тыныс алса, жүрек ауруларының қаупі артады.
Транспорттан шыққан газдар, кәсiпорындардың зиянды қалдықтары біртіндеп ауаны ластайды. Бұл заттар қанның қоюлануын жоғарылатады, қан қысымын арттырады, аллергияның пайда болуына әкеледі. Атмосфераның ластануы аурушаң балалардың дүниеге келуіне себеп болады.
Лас ауа – бұл ірі қалалардың ең үлкен қасіреті. Ең басты ауаны ластайтындар – транспорт, зауыттар мен фабрикалар, құрылысқа арналған сапасыз материалдар.
Таза ауа – адам өмірінің негізі, сондықтан адамдар ауаны қорғауда бар күшін салуда.
Зиянды қалдықтар қоршаған ортаны ластамау үшін фабрикалар мен зауыттарда арнайы сүзгілер болуы қажет. Ақауы жоқ автомобильдердің ауаға зияны аз, ал ескі әрі ақауы бар мәшинелер ауаны қатты ластайды.
Үйдегі ауаның да таза болғаны абзал. Пәтердегі ауада да шаң, микроағзалар, газ плитасының ысы, жуғыш заттар мен аэрозольдердің химиялық заттар жиналады. Бөлме терезесін ашқанда даладан өсімдік тозаңы, транспорттан шыққан газ келіп кіреді. Мұның барлығы бөлме ауасымен араласып кетеді.
Пәтердің ауасын тазарту үшін арнайы сүзгілер, сулы шаңсорғыштар қолданылады.