§53. Қазақстанның экологиялық проблемалары

Бұл тақырыптың оқу мақсаты: Қазақстанның экологиялық проблемаларының шешу жолдарын ұсыну.

Сендер қандай ғаламдық экологиялық апаттарды бiлесiңдер? Олар нелiктен пайда болған? Өздерің тұратын жерде қандай экологиялық проблемалар бар?

Тақырыпты табысты меңгеру үшін нені қайталау керек: 9-сыныптан 7–8-па-
раграфтарды қайталау.

  ХХ ғасырдағы ең қасіретті оқиғалардың бiрi – Арал маңындағы экологиялық дағдарыс. Теңiз шөл ортасында орналаса отырып, айналадағы өңiрлердiң табиғи-климаттық және экологиялық жағдайларына қолайлы әсер еттi және Арал маңының кең аумағының ылғалдық реттеушiсi болды.
  Арал теңiзi алабының жалпы ауданы – 2,3 млн км², оның шегараларында Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстiк бөлiгiнiң барлық аумағы орналасқан. Ол маңызды экономикалық өңiрлердiң бiрi болып табылады. Бұл ежелгi суландырылатын егiншiлiк аудан, оған бұрынғы КСРО-ның (7,4 млн га) суландырылатын 40%-ға жуық жерi шоғырланған. Мұнда 95% мақта, 40%-ға жуық күрiш және 25–30% көгөнiс және жемiс өндiрiледi.
  Орасан зор жер ресурстарының болуы, Күн шуағының молдығы мен халық санының тез өсуiнен суармалы жерлердi қарқынды игеруге мүмкiндiк туды. Олардың ауданы 60-жылдардың басында Орта Азия республикаларында 1,5–2,4 есе өстi. Мұнымен бiрге суландыруға iс жүзiнде Әмудария мен Сырдарияның барлық ағыны пайдаланылады. Соның нәтижесiнде бастапқыда шұғыл таяздап, соңынан өз ауданын бiрнеше рет кiшiрейттi де, екi шағын суқоймаға – Үлкен және Кiшi Аралға айналды. Көктемгi өзен тасқыны тоқтады, тоғай және қамыстың өсуi азайды, фауна мен флораға бай сан алуан теңiз жағалауындағы көлдер тартылды, құмды шөл шегарасы кеңейіп, құрғақ климат күшейе түстi. Ауа ылғалдығы 10–18%-ға, аязсыз күндердiң ұзақтығы 30–35 күнге кемiдi. Топырақтың сортаңдануы және батпақтануы басталды, соның нәтижесiнде тек қана Сырдария өзенiнiң алабында жыл сайын ауылшаруашылық айналымнан 10–15% суармалы жерлер шығып қалды. Жайылымның өнiмдiлiгi 2–3 есе төмендедi. Ауылшаруашылық дақылдардың түсiмдiлiгi кемiдi.
  Арал маңында 80-жылдары 13 балық аулайтын шаруашылық болды. Арал қаласында кеме жөндеу зауыты, ал аймақта кеме жөндеу шеберханасы жұмыс iстедi. Теңiздiң шегiнуiнен олардың 10 мың қызметкерi жұмыссыз қалды. Қызылорда облысында 1995 жылы 16 мың адам жұмыссыз қалды. Халықта көшiп-қону басталды. Жылыстаушылардың жаңа типi – экологиялық босқындар пайда болды.
  Арал сипатының әлеуметтiк, экономикалық және экологиялық салдарлары орасан зор (48, 49-суреттер). Арал маңының аудандарында төтенше санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қалыптасты. Соңғы 1987–1993 жылдар аралығында жұқпалы аурулар, әсiресе iш сүзегi (жекелеген жылдары 29 ретке дейiн), туберкулез, вирусты гепатит және т.б. шұғыл артып кеттi. Экожүйеде тепе-теңдiктiң бұзылуы, өмiр сүру ұзақтығын қысқарту, халық өсiмiн кемiту, өмiр сүру деңгейiнiң төмендеуi, толыққанды қоректене алмау, денсаулықтың нашарлауы және халықтың апат ауданынан көшiп-қонуына жеткiздi.

48-сурет. Теңiз қайтқанда балық аулайтын кеме Арал маңындағы құмнан тоқтайтын орын тапты

49-сурет. Адам өмiр сүретiн ортаның ауызсумен қамтамасыз етiлуi толық шешімін тапқан жоқ

  Экологиялық апаттың екiншi аймағы – Қазақстанның шығысындағы Семей. (Оқулықтың соңындағы 1-қосымшаға қараңдар). Семей полигонында 1949-дан 1989 жылдарға дейiн 470-ке жуық ядролық жарылыс өткiзiлдi. Мұның iшiнде жерүстiлiк жарылыс – 26, әуе жарылысы – 87, жерасты жарылысы – 354. Бұдан басқа геологиялық барлау мақсатында Қазақстанның әртүрлi аудандарында 1966–1987 жылдары бірнеше ядролық жарылыс жасалған.
  Республикада радиациялық жағдайға уран кенiштерi де айтарлықтай әсер еттi. Онда 90-жылдары бұрынғы СОКП-тың ядролық индустрия үшiн 40%-дан астам уран шикiзаты өндiрiлдi. Уран кендерiн шығарып, өңдеу нәтижесiнде 1991 жылы 109 аномалиясы және 20 радиоактивтi қалдықтардың үлескiлерi тiркелген. Осы жағдайлардың нәтижесiнде республикада тағы да шектен шыққан радиоэкологиялық ауыр жағдай қалыптасты.
  Мұнаймен ластану аймағы. Батыс Қазақстан аумағының бiр бөлiгi мұнай шығарындылары әрекетiнен қиын экологиялық жағдай аймағына айналды. Көмiрсутек шикiзатын шығарумен қабаттасып шикi мұнайдың Каспий суын, сондай-ақ оның құрлыққа төгiлуi тап сол өңiрде экологиялық жағдайға жағымсыз әсер еттi. Мұнай және газ шығару улы iлеспе заттардың шығарындыларымен, сондай-ақ күкiрт, азот және көмiртек оксидтерiмен қоса жүредi. Олар халық денсаулығына, өсiмдiктер мен жануарлар әлемiне зиян.
  Қазақстан үкiметi бағдарлама қабылдады, онда халықты тексерiп, азаматтардың денсаулығына үнемi бақылау жасау белгiлендi. Экологиялық апат ауданының тұрғындарына денсаулығын сақтауға демеу болатын қаражат бөлініп, қосымша ақы төлеу жолға қойылды.

  Экологиялық босқындар, экологиялық дағдарыс, экологиялық апат.

Білу және түсіну:
1. Экологиялық апат зонасы дегенді қалай түсінесіңдер?
2. Семей полигоны экологиялық проблемасы неге және қашан пайда болды?

Қолдану:
1. Қазақстандағы экологиялық апат зоналарын салыстырыңдар.
2. Қазақстанда экологиялық апат зоналарының пайда болу себептерін атаңдар.

Талдау:
1. Арал экологиялық дағдарысының себебі мен салдарын сызба түрінде бейнелеңдер.
2. Еліміздегі экологиялық проблемалардың себептері туралы пікірлеріңді айтыңдар.

Синтез:
1. Қазақстан аумағында болған ядролық жарылыс санын жүйелеңдер (неше және қандай типті).
2. Мынадай жағдай моделін жасаңдар:
«Болашақта еліміздің әрбір азаматының санасы, баладан бастап қарт адамға дейін, әрқайсысы өз іс-әрекетін табиғатты сақтау тұрғысынан бағалайтын деңгейге жететін болады. Экологиялық тәрбие әрбір адамға тіпті ұсақ қоқысты тиісті емес жерге тастауға, табиғат ресурстарын ауылшаруашылығында да, өнеркәсіптік өндірісте де, жекебасының мақсаты үшін де заңсыз пайдаланбауға; өсімдіктердің сирек кездесетін немесе сәндік түрлерін сақтауға және көбейтуге; сирек кездесетін жануарларды қорғау және өсіру шараларына қатысуға; пайдалы заттарды оларды жою мерзімінен созып, барынша ұзақ пайдалануға; тұрмыстық қоқыстарды сұрыптау және толық өңдеуге; ауылшаруашылығы және өнеркәсіпте технология мүмкіндік берсе, қалдықсыз немесе барынша «таза» өндіріске қол жеткізу».
Осындай жағдай жақын және алыс болашақта қандай экономикалық және экологиялық салдарға әкеліп соғуы мүмкін?

Бағалау:
1. Еліміздегі экологиялық апат зонасында экологиялық жағдаятты жақсарту бойынша мемлекеттік шаралар мен бастамашыл энтузиастар туралы реферат жазыңдар.
2. Оқулық және басқа қосымша ақпарат көздерін пайдаланып, экологиялық апаттардың кері әсерін төмендету бойынша өкімет тарапынан қолға алынған іс-шараларды бағалаңдар.

×
×

Корзина