1.3. Компьютер қалай жұмыс істейді?

НЕНІ ҮЙРЕНЕСІҢДЕР?
– Компьютердің негізгі құ­рылғыларының өзара әре­ кеттесуін түсіндіруді;
– жүйелердің негізгі функцияларын атауды.

ТІРЕК СӨЗДЕР Компьютер | Операциялық жүйе Компьютер | Операционная система A computer | Оperating system

5-сыныпта компьютердің құрамдас бөліктері ретінде процессор мен қатты дискіні және жад түрлерін білдіңдер. Бұл құрылғылар компьютерде бір-бірімен қалай сабақтасқан? Берілген сұраққа жауап беру үшін келесі тапсырманы орындаңдар.

1.3.1-суретте компьютердің негізгі құрылғылары бейнеленген. Оң жағында олардың атауы берілген. Құрылғылар мен атауларын сәйкестендіріп, бос шаршыға нөмірін қойыңдар. Қандай жаңа құрылғыларды білдіңдер?

1.3.1-сурет. Компьютер құрылғылары

Заманауи компьютерлер күрделі құрылғылар разрядына жатады. Мысалы, Айға ұшуды басқаруда қолданылған борттық компьютер смартфонмен салыстырғанда өте қарапайым болған. 
Біз күнделікті өмірде компьютерді, смартфонды және планшетті жиі қолданамыз. Бірақ жүйе жұмыстарының принциптері туралы көп ойланбаймыз. Жүйе дегеніміз не? 
1.3.2-суретте ұсынылған сұлбаны жүйе деп айтуға бола ма?

Жүйе – бөліктерден құралып, бір-бірімен өзара байланысқан бүтін бөлік.

1.3.2-сурет. Компьютер – жүйе

Талдау жасаңдар.

1. Компьютер қалай жұмыс істейді? 2. Компьютер әрекеттерін басқару логикасы қандай? 3. Ол адамның ойлау логикасына ұқсас па? 4. Адам мен компьютер жады арасында ортақ белгілер бар ма? 5. Ми мен процессор арасында қандай ортақ белгілер бар?

Жүйелік тақта компьютердің негізгі модульді құрылғысы болып табылады. Ол ішкі байланыстарды басқарады. Кейде аналық немесе бас тақша деп аталады. 
Жүйелік тақта құрылғының негізгі бөлігін қамтиды.
Жүйеде жұмыс істеу үшін арнайы компьютер құрамына енетін негізгі құрылғылар жиынтығы қажет. Бұл жиынтықтар негізі жүйелік блок болып табылады (1.3.3-сурет). Жүйелік блокқа микропроцессор (процессор), ішкі жад және т.б. құрылғылар енеді. Компьютердің сыртқы құрылғыларының минималды міндетті жиынтығы – пернетақта мен монитор. Кез келген сыртқы құрылғы процессормен контроллер (басқарушы) арқылы байланыстырылады.

1.3.3-сурет. Компьютер құрылғыларының минималды жиынтығы МК – монитор контроллері, ПТК – пернетақта контроллері, ПК – басу құрылғысы контроллері

Процессор, жедел жад пен сыртқы құрылғылар арасындағы байланысты ұйымдастыратын принципті қарастырамыз (1.3.4-сурет). Процессор жүйелік магистраль немесе шина деп аталатын көпөткізгішті желі арқылы басқа құрылғылармен байланыстырылады.

1.3.4-сурет. Дербес компьютердің құрылымы(үшбұрыштар – контроллерлер)

Компьютерді іске қосу кезінде деректерді өңдеу қалай жүргізіледі?
1. Программаны қатты дискіден іске қосқан кезде олар жедел жадқа енгізіледі және жедел жадқа (ішкі жад)қандай деректерді жүктеп алу керектігін микропроцессорға хабарлайды. 
2. Микропроцессор жедел жадтан алынған деректерді өңдеп программа командаларын біртіндеп орындайды.
3. Егер деректер өңделсе, онда микропроцессор есептеу нәтижесін жедел жадқа қайтарады. Содан кейін келесі деректерді өңдеуді бастайды. 
4. Программаның жұмыс нәтижелері қатты дискіге қайтарылып, сақталады.
Жүйелік программалық жасақтама компьютерге орнатылған жағдайда ғана жұмыс істейді. Жүйелік программалық жасақтаманың негізгі бөліктерінің бірі – операциялық жүйе (ОЖ).

Операциялық жүйе (ОЖ) – жедел жадпен, процессормен, сыртқы құрылғылармен, файлдармен орындалатын іс-әрекеттерді басқаруды және пайдаланушы мен аппаратураны байланыстыратын программалар жиынтығы.

Операциялық жүйе компьютер ресурстарын басқару мен құрылғылар жұмысы үшін мыңдаған әрекеттерді орындайды. Ол компьютер мен адам арасындағы сұхбатты жүзеге асырады. Операциялық жүйе басқа программалардың жіберген команда сигналдарын қабылдай отырып, оларды машина тіліне аударады. Ол компьютермен ыңғайлы жұмысты қамтамасыз етеді.
Оның бірнеше түрі бар: DOS, Windows, UNIX. Заманауи операциялық жүйелердің мынадай өзіндік белгілері бар:
көпміндетті – бір уақытта бір немесе бірнеше міндеттерді орындау;
көпқолданушылық режим – түрлі пайдаланушылар үшін бірнеше конфигурацияны қолдауы;
разрядтылығы – 16 разрядты, 32 разрядты, 64 разрядты операциялық жүйелер.
Операциялық жүйелердің ішіндегі ең танымалы – Windows жүйесі. Windows операциялық жүйесінің (ОЖ) әрбір нұсқасының өзіндік ерекшеліктері бар (1.3.5-сурет).

1.3.5-сурет. Windows ОЖ нұсқасы

Білу және түсіну

1. Дербес компьютердің негізгі құрылғыларын атаңдар.
2. Тірек сөздерді орыс және ағылшын тілдерінде айтыңдар.
3. Операциялық жүйе дегеніміз не?
4. Компьютердің негізгі құрылғылары бір-бірімен қалай байланысады? 
5. Компьютер мен операциялық жүйелер арасында қандай байланыс бар?

Қолдану

6. Берілген құрылғылардың ішінен қайсыcы сыртқы құрылғыларға жатады: монитор, процессор, жедел жад, принтер, пернетақта, қатты диск, флэш-жад, колонка?
7. Windows операциялық жүйесінің нұсқаларын (версияларын) топтастырыңдар (1.3.5-сурет). Олардың арасындағы айырмашылық қандай?

Талдау

8. 1.3.6-суретте компьютердің функционалды сызбасы бейнеленген. Компьютермен жұмыс істеу кезінде құрылғылардың бір-бірімен өзара қалай байланысатынын нұсқармен (стрелкамен) қосып, талдау жасаңдар.

Кестені енгізу/жіберу және сыртқы жад құрылғыларымен толықтырыңдар.

1.3.6-сурет. Компьютердің фукционалды сызбасы

Жинақтау

9. Операциялық жүйеде қолданылатын негізгі файлмен орындалатын әрекеттер: файлдарды көшіру, орын ауыстыру, жою, файлдың атын өзгерту. Бұл амалдар қандай жағдайда орындалады? Оны компьютерде орындаңдар. Word мәтіндік процес- сорында келтірілген амалдарды орындау алгоритмін жазыңдар.
Тапсырманы орындауға арналған ұсыныстар
1) Мәтіндік файлды құрыңдар. 
2) Файлға кез келген ат беріп сақтаңдар.
3) Файлды көшіру, орын ауыстыру, жою және оның атын өзгерту амалдарын орындаңдар.
4) Word мәтіндік процессорында келтірілген амалдарды орындау алгоритмін жазыңдар.
5) Файлдың атауын өзгертіп, оны құжаттың мазмұнын білдіретін атаумен сақтаңдар.

Бағалау

10. Заманауи компьютерді қолдану салалары әртүрлі. Төменде берілген компьютерлердің әрқайсысына бағасын беріңдер:
    1) компьютер – қарым-қатынас құралы;
    2) компьютер – оқып-үйренуге арналған құрылғы;
    3) компьютер – үйде жұмыс істеуге арналған құрылғы;
    4) компьютер – ойын ойнауға арналған құрылғы;
    5) компьютер – сауда жасауға арналған құрылғы.

Қазір смартфондар, планшеттер немесе басқа мобильді құрылғылар үшін мобильді операциялық жүйелер кеңінен танымал. Мобильді құрылғылар мен компьютерлер үшін операциялық жүйелердің атқаратын қызметі ұқсас келеді. Олар сенсорлық экранмен, ұялы байланыспен, Bluetooth, Wi-Fi, GPS-навигацияларымен, камерамен, бейнекамерамен, диктофонмен, музыкалық плеермен және т.б. құрылғылармен қамтамасыз етілген.
Мобильді құрылғылар үшін келесі операциялық жүйелер жасалған: Android, iOS, Windows 10, Mobile және т.б.

×
×

Корзина