10. Мәтінді оқы.
Ғаламдағы адамзат өміріне аса қауіпті мәселелердің пайда болуының басты себебі – Табиғат пен Адамның арасындағы байланыстың бұзылуы. Адам өмірін жалмайтын індеттер де Жер-Ананың бетіндегі, қойнауындағы байлықтың құнын бағаламай, орынсыз ысырапқа ұшырататын ашқарақтықтың, табиғи ресурстарды қармап қалуға деген өлермендіктің, ақша табу жолындағы бақталастық пен тойымсыздықтың нәтижесінде туып отыр. Сол бақталастықтың соңы үлкен апат әкелетін ядролық және жаппай қыру қаруларын қолдануды өршіте түсті.
Адамзаттың демографиялық мәселесі де Адам мен Табиғаттың арасындағы байланысты бұзуда. Жер шары халқының саны 2010 жылы 6,8 миллиард болса, 2025 жылы 11 млрд адамға өседі деп болжанып отыр. Өкініштісі сол, халықтың өсуі тіршілік ортасының ластануымен қатарласа жүруде. «Адамзат санының күрт өсуі міндетті түрде экологиялық апатқа ұшыратады» деп есептейді сарапшылар.
Адамзат өміріне аса қауіпті фактордың бірі – нашақорлықтың кең етек алуы. Қазақстан өзінің географиялық орналасуы жағынан әлемдік мүдделердің тоқайласқан аумағында тұр. Әлемге есірткі өнімдерінің қомақты бөлігін шығарушы Ауғанстанның наркотрафигінің «солтүстік» бағытындағы Қазақстан жері арқылы ауған есірткілері Ресей мен Батыс Еуропа елдеріне жол тартуда.
Адамзат тағдырына кері ықпал етіп отырған ең қауіпті нәрсе – індет ауруларының кең таралуы. Қазақстан әлемдік ВИЧ-СПИД індетінен тыс қала алмады. Егер 1987 жылы елде алғашқы ВИЧ-инфекциясы тіркелсе, 1996 жылы оның саны 46-ға жетті. 2009 жылы 2000-нан астам қазақстандық ВИЧ-инфекциясын жұқтырған. Көршілес Өзбекстанда 2009 жылы 4016 адам, Қырғызстанда 687 адам ВИЧ-инфекциясын жұқтырған. Орта Азия мемлекеттерінде ВИЧ көбінесе инъекция жасалу кезінде таралатыны мәлім болып отыр.
Соңғы жылдарда бес жасқа дейінгі балалардың полимелит ауруының асқынуы байқалуда. Орта Азия халықтары үшін полимелит эпидемиясының ошағы Тәжікстан Республикасы болып отыр. Құс тұмауы, шошқа тұмауы сияқты жаңа індет түрлері де шегараларды басып өтуде.
Әлемдік тәртіптер мен мемлекетаралық қатынастардың өзара тәуелділік пен ортақтасу принципіне бейімделе түскендігі нақты байқалады. Әлем халықтары мен мемлекеттері жаһандық қауіптер мен мәселелерді бірлескен күшпен өзара келісім саясатымен ғана шешуге болатындығын ұғынып отыр. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай әлемдік жақындасу, бірлесу, ортақтасу, мүдделердің тәуелділігі сияқты үдерістер кең етек ала бастады. Әлемдік деңгейдегі ортақ мәселелер жүйесінің қалыптасуы өткен ғасырдың 70–80-жылдарында нақты нәтижелерін беріп, жаһандық жаңа тәртіптер қалыптасты. Адамзат өркениеті бір сапалық деңгейден екінші мүлдем жаңа сапалық деңгейге ауысты. Жаһандану үдерісі ХХІ ғасырдың бастапқы кезеңінде бұрынғыдан да әлеуетті бола түсті. Әлем мемлекеттерінің жаһандық мәселелерді шешуге араласу жолдары БҰҰ, ЕЫҚҰ, ШЫҰ, БСҰ сияқты халықаралық ұйымдар арқылы жүргізіліп отыр. Дегенмен, әр адамның өз тағдыры өз қолында екенін ұмытпаған абзал.
(«Ғаламдық экологиялық проблемалар» мақаласынан)