1-тапсырма. Үнтаспадан өлеңді мұқият тыңда.Еліміздің жеті кереметінің бірі туралы мәтінді мұқият тыңдап, тақырыбын анықта.
2-тапсырма.Тыңдалған мәтін бойынша жалпы және нақты сұрақтарға жауап бер.
1. «Таңбалы тас» неге жеті кереметтің бірі болып саналады? 2. Ол туралы тағы не білесің?
3-тапсырма.Мәтінді оқып, түсіндіріп айт. Бірге, бөлек, дефис арқылы жазылған сөздерге мән бер.
Алтын киімді адам
Тәуелсіз Қазақстан туралы айтқанда, басты ұлттық символдардың бірі – «Алтын киімді адамды» еске алмау мүмкін емес. «Алтын киімді адам» Есік обасының сақ қорғанынан табылған. Қорғанның қабірі қарағайдан салынған. Еденіне бір-бірімен қиюластырылып тақтай төселген. Тақтай еденге әр жеріне ұсақ алтын түймеше, қаптырмалар тігілген үлкен мата жайылған. Мата төсеніштің үстіне киімі басынан аяғына дейін алтын қаптырмалармен апталған сақ көсемі жатқызылған. Оған мерекелік, салтанатты киім кигізілген. Басына күн құдайының белгісіндей қанатты аттар бейнеленген, әшекеймен безендірілген биік үшкір бөрік кигізілген. Көсемнің қаруы ұзын қылыш пен қысқа қанжардан тұрады. Жанына алтынмен апталған қола тегенелер, ағаш табақтар, сабы жалпақ таспамен оралған қамшы, шағын жібек қоржын қойылған. «Алтын киміді адам» – сақ мәдениетінің бірегей үлгісі.
(К. А. Ақышев, Ә. К. Ақышев. «Қазақстандағы археологиялық зерттеу» кітабынан)
4-тапсырма.Мәтін мазмұнына қатысты жауапты тауып, ақпараттың дұрыс/бұрыстығын жаз.
5-тапсырма.Жұмбақтың шешуін тап.
Әйгілі барша әлемге, Жалғыз-ақ ол бұл әлемде. Киімі түгел алтыннан, Біздің елден табылған.
6-тапсырма.Еліміздің жеті кереметі саналатын мәтінді оқы. Бірге және дефис арқылы жазылатын сөздерді теріп, дәптеріңе жаз.5
Домбыра – қазақ халқының ұлттық аспабы. Ата-бабадан мұра болған қара домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, аса құнды қолөнер туындысы. Халқымыз өмір, оқиға, күрес, сезім иірімдерін домбыра үніне қосып, күмбірлете күй төгіп, әсем ән айтып, жадырата жыр жырлаған. Киіз үй – дүниетаным құралы. Көшпелі халықтың барлық жағынан ыңғайлы баспана үлгісін жасап шығаруы – асқан шеберліктің көрінісі. Қазақ халқының барша қолөнері киіз үй құрылысынан көрініс тапқан. Текеметтегі оюлар, басқұрлардағы өрнектер, жиһаз бетіне салынған айшықты бедерлердегі Күн мен аспан денелері, өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемі қазақтың қоршаған әлем мен табиғаттағы үйлесімді сұлулық туралы таным-түсінігін білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – сәулет өнерінің тамаша туындысы. Түркістандық ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің қабірінің басына Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылған кесене – өзінің қайталанбас әсемдігімен, түрлі өрнектерімен ерекшеленеді. Маңғыстау жерасты мешіті – рухани байлықтың ерекше үлгісі. Емші, көріпкел Бекет атаның салдырған мешіті әлі күнге дейін қасиетті орын саналады. Ел аңызы бойынша ұшар басына Самұрық құс алтын жұмыртқа салатын тамырын тереңге жайып, көкке ұмтылған алып бәйтерек Елбасының эскиз-нобайы негізінде дүниеге келген. Бүгінде «Бәйтерек» өмір ағашын бейнелеп, ынтымақ пен бірліктің, келісім мен татулықтың белгісіне айналды. Астананың тұмарындай болып, көк аспанға бой созып тұрған «Бәйтерек» сұлу сымбатымен көз тартады.
Қыз, ер, сал, батыр, балуан, сұлу, би, қожа тәрізді сөздер өздеріне қатысты жалқы есімдерден бөлек жазылады. Мысалы: Қыз Жібек, Ер Тарғын, Балуан Шолақ.
7-тапсырма.Сөйлемдерді мағынасына қарай толықтырып жаз.
Домбыра – қазақ халқының … аспабы. Домбыра … , … , … тәрізді ағаштардан жасалады. Домбыраның құрылысына … , … , … , … , … , … , … жатады.
8-тапсырма.Мәтіндегі ақпараттар бойынша өз пікіріңді дәлелде.
Бірінші сөйлем. «Менің ойымша, …» Екінші сөйлем. «Себебі мен оны … деп түсіндіремін». Үшінші сөйлем. «Оны мен … деген фактілермен, мысалдармен дәлелдей аламын». Соңғы сөйлем. «Осыған байланысты мен … деген шешімге келдім».
Білгенге маржан
Жеті жетекші
Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, жолаушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық.
(Саққұлақ би)
9-тапсырма.Оқыған мәтіндеріңнің әр бөлігіндегі негізгі тірек сөздерді анықтап, шағын мәтін құра.
10-тапсырма.«Қазақстанның жеті кереметі» тақырыбына эссе жазу үшін тезистік жоспар құр. Эссе тақырыбынан ауытқымай, абзац түрлерін жүйелі құрастырып, көтерілген мәселе бойынша келісу/келіспеу себептерін айқын көрсетіп жаз.
Үлгі: a) Кіріспе бөлім: тезистік сөйлемнен тұрады (ойды дәлелді жазу). ә) Негізгі бөлім: абзацтардан құралады (тақырыптан ауытқымау). б) Қорытынды бөлім: айтылған ой қорытылып жазылады (мазмұндық жүйені сақтау).
11-тапсырма.Сабақта алған әсеріңді, ойыңды төмендегі кестеге сәйкес жаз.