АСТАНА ҚАЛАСЫНА САЯХАТ

Ребусты дұрыс шеш. Жасырынған сөзге сипаттама бер.

1-тапсырма. Мәтінді тыңда.

2-тапсырма. Тыңдалым мәтіні бойынша сұрақтарға жауап беріп, жұп-жұбыңмен диалог құрыңдар.

1. Сұрақ: «Астана – Қазақстан халқының мерейі мен мәртебесі» дегенді қалай түсінесің?
Жауап:
2. Сұрақ: Автор «жаңа елорда», «жаңа бейнесі», «жарқын келбеті», «дүниенің сегізінші кереметі», «арман қала» деген тіркестерді не себепті қолданған?
Жауап:
3. Сұрақ: Астана әлем жұртын несімен таңдандырады?
Жауап:
4. Сұрақ: Астана қаласының басқа қалалардан ерекшелігі неде деп ойлайсың?
Жауап:

3-тапсырма. Ребусты құрауға негіз болған суретпен берілген сөздерді есіңе түсір. Оларды қайтала. Қалай ойлайсың, бұл қандай сөздер? Тілімізде бұрын осы сөздер болды ма?

4-тапсырма. Берілген сөздерге ұйытқы сөздерді қосып, жаңа сөз жаса.

Жол, әуе, баян, келіс, жаға, жарыс, сүндет, зейнет, мүшел, сая, мәлім, көсем, сый, ашық, мерей.

Үлгі: жолақы, келіссөз т.б.

5-тапсырма. Мәтінді оқы.

Асқақтай бер, Астана!

   1998 жылдың 10 маусымында Қазақстанның жаңа елордасы – Астана қаласының салтанатты тұсаукесері болды. Республикамыздың жаңа астанасының құрылысына итальян, түрік, швейцариялық құрылыс фирмалары қатысты. Астана Қазақстан Республикасының Еуразиялық мемлекет екендігін айқындай түсуде.
   Астана қаласында алғашқы кезеңде Конгресс-холл, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, ықшамаудандар, қонақүйлер мен мейрамханалар салынып, Абай мен Кенесары ханға ескерткіштер орнатылды. Қала ортасын қақ жарып өтетін Есіл өзенінің жағалауы көркейтіліп, Елбасының резиденциясы – Ақорда, «Нұр Астана» мешіті, Бейбітшілік және келісім сарайы, Бәйтерек монументі, океанариум, жаңа алаңдар мен саябақтар бой түзеді. Есілдің сол жағалауында тұтастай тұрған кварталдар, Үкімет пен парламентке арналған әкімшілік ғимараттары, министрлік үйі салынды.
   Астана қаласы дамуының екінші кезеңінде Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ елі» монументі, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Орталық концерт залы, Назарбаев университеті, «Ұлттық мұражай», «Ханшатыр» бірегей сауда ойын-сауық орталығы, дәл ортасында диаметрі 80 метрлік «Нұр Әлем» шар тәріздес сферасы орналасқан ЭКСПО орталығы және Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежай ғимараты салынды.
   Астана – барша қазақстандықтардың ортақ мақтанышы, болашақтың қаласы. Онда жыл сайын халықаралық форумдар, фестивальдар, конгрестер, концерттер, тұсаукесерлер мен түрлі шаралар өткізіледі.

(Балаларға арналған «Менің Отаным – тәуелсіз Қазақстан» энциклопедиясынан)

• Астана қаласы қай жерде орналасқан? Географиялық картадан Астана қаласы қандай қалаларға жақын екенін көрсет.
• Астанадағы өзіңе таныс көрікті жер туралы әңгімеле.

6-тапсырма. Мәтіннен неологизмдерді анықтап, төмендегі кластерді толтыр.

7-тапсырма. Мәтінді оқып, өз пікірлеріңмен бөлісіңдер.

   Батырлар жырларында, ақын-жыраулар тілінде астана жұрт, астана халық деген тіркестер кездеседі. Мысалы, Махамбетте: «Айғайда белдік байланған, Астана жұртын айналған». Нұрым жырауда: «Азды-көпке теңгерген, Астана жұртын меңгерген».
   1897 жылы Орынборда шыққан «Қазақша-орысша сөздікте» астана жұрт, астана халық дегендерді «көп, сансыз халық» деп аударыпты. Л. Будагов бұл сөз түркі тілдеріне парсының астан, астана «табалдырық, есік, сарай» деген сөзінен ауысқанын айта келіп, қазақ тілінде астана жұрт тіркесі бар екенін көрсетеді де, оны «сансыз көп, зор халық» деп аударады.
   Сірә, қазіргі қазақ тіліндегі «астана» сөзінің «белгілі бір мемлекеттің, елдің орталық қаласы» деген ұғымы бұл сөздің парсының «сарай, әміршінің сарайы» мағынасынан алынған болуы керек, яғни «үкіметтің резиденциясы орналасқан қала» дегенді білдіреді. Ал өткен ғасырларда астана жұрт тіркесінде «сарай қызметіндегі адамдар» деген мән бар, яғни «сарайға (хан ордасына) қараған жұрт» деген мағынада айтылса керек.

(Р. Сыздықова. «Сөздер сөйлейді»)

• «Астана жұрт» сөз тіркесі бұрын қандай мағыналарда қолданылған?
• Қазіргі «Астана» сөзіне қандай анықтама берер едіңдер?

8-тапсырма. Төмендегі мәтіннен неологизмдерді анықтап, дәптеріңе көшіріп жаз.

   «Ақылды үй» (ағыл. digital home) – автоматтандырылған үй. Ол адамдардың қолайлы өмір сүруі үшін жоғары деңгейлі технологиялармен жабдықталған. «Ақылды үйдегі» жарық, электр жүйесін, кондиционер, желдеткіш, климат-бақылау, аудио және видео жүйелерді, күзет, өрт дабылы, апатты жағдайларды бір ғана диспетчерлік пультпен смартфон немесе ғаламтор арқылы басқарып, бақылауға болады. «Ақылды үй» өрттен де қорғайды. Мысалы, ауада кішкене болса да иісті газ пайда болса, онда өртке қарсы жүйе іске қосылады және өртті үдетпес үшін ауаның келуін тоқтатады, газ жабылады, электр токтары өшіріледі. Бөлмедегі адамдар сирена және түрлі сигналдар арқылы хабарландырылады, ал егер өрт үйдің иелері жоқ кезде басталса, онда жүйе арқылы олардың ұялы телефондарына хабарлама жіберіледі. Параллельді түрде түтінді жою функциясы қосылады, ал қауіпсіздік қызметіне өрт туралы ақпарат келіп түседі.

(М.Э. Сопер)

9-тапсырма. «Ақылды үй» өз қалаңда немесе ауылыңда болуы үшін өзің қандай үлес қосар едің? Мәтіндегі неологизмдерді қолданып, жұбыңмен бірге диалог құрыңдар.

10-тапсырма. Әр торға «Астана» сөзінің беретін мағынасын толтыр.

11-тапсырма. Блиц сұрақтарға жауап бер.

1. «Астана – бас қала» деп не себепті айтамыз?
2. «Астана» сөзінің бұрынғы мағынасы қандай?
3. Неологизмдерді неліктен жаңарып отыратын құбылыс деп ойлайсың?

12-тапсырма. «Шығу парағын» пайдаланып, төмендегі сұрақтарға жауап бер.

1. Бүгін не үйрендім?
2. Сабақ бойынша нені түсінбедім?
3. Келесі сабақта қандай мәселеге көңіл аудару керек?

×
×

Корзина