Төле би – қазақ халқының қоғам қайраткері, атақты шешен. Ол қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Төле би он бес жасында билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен елге танылады. Ол Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек батырлармен халық майданын құрып, қазақ жерін басқыншылардан азат етуге көп күш жұмсаған.
Төле би Орта жүздің биі Қазыбек, кіші жүздің биі Әйтекемен бірге Әз Тәуке ханның кеңесшісі болып, «Жеті жарғы» әділет заңын шығарды. Халық оны көзі тірісінде «Қарлығаш Әулие» деп атаған. Төле би өзі 12 жыл билеген Ташкент қаласында жерленген. Алматыда бидің атында көше бар. Ал Астанада оған ескерткіш орнатылған.
Қазыбек Келдібекұлы –ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақтың атақты биі, қоғам және мемлекет қайраткері. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті орта жүздің бас биі етіп сайлаған. Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болған. Қазыбек ел арасында «Қаздауысты Қазыбек би» атанған. Ел аузындағы аңыз-әңгімелер, биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді, жетелі, халықтың ауыз әдебиеті үлгілерін мол меңгерген озық ойлы, батыл адам болғанын көрсетеді.
Әйтеке би – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Әйтеке бес жасында молдадан оқып, сауатын ашқан. Одан соң медреседе оқыған. Медресені аяқтаған соң, ел басқару ісіне араласа бастайды. Ол 21 жасында Бұхара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақтардың бас биі болды. Ал 25 жасында оны кіші жүз халқы бас би етіп сайлады. Әйтеке би орталықтандырылған біртұтас қазақ хандығын құру ісіне белсене атсалысты. Қазақ елінің тату өмір сүруінің қамын ойлаған қамқоршысы болды.
(«Елтұтқа» кітабынан)