СУ – ҚАСИЕТТІ ҰҒЫМ

Суреттерге назар аудар. Сенде қандай ой туындады? Жұпта, топта талқылап, ойларыңды ортаға салыңдар.

1-тапсырма. Мәтінді тыңда.

2-тапсырма. Тыңдалған мәтін бойынша сұрақтарға жауап бер, өз пікіріңді дәлелде.

   – Сен топырақ, жел, от, су тегінің қайсысына жатасың?
   – Сенің жұлдызың не?
   – Шаян, сарышаян, балықтар су текті жұлдыздар екенін білесің бе?
   – Шаян, сарышаян, балық жұлдыздары не себепті су тектілерге жатады? Оларда сумен ұқсас қандай белгілер бар?
   – Табиғат, су, адам арасындағы байланысқа қалай сипаттама берер едің? Өз ойыңды айт.

3-тапсырма. «Мен жұлдызнама бойынша қандай адаммын?» тақырыбына шағын таныстырылым дайында. Төмендегі талаптарды орында. Екпін түрлеріне мән бер.

✓ Жұлдызыңды анықтап ал.
✓ Жақсы қасиеттеріңді көрсете біл.
✓ Мінез-құлқыңның нашар тұстарын да айт (мысалы, еріншектік т.б.)
✓ Қорытынды жаса.

4-тапсырма. Суреттердегі әрекетті сипатта.

5-тапсырма. Жіктеу есімдігінің септелу үлгісін есіңе түсір. Сөйлемдерді көшіріп жаз. Сілтеу есімдігінің өзгерісін түсіндір.

   Оны атамай, Қайырбек Баршагүлді қалайды (Ғ. Сланов). Соны іздеймін деп, түстен былайғы жұмысым қалды (Ғ. Мүсірепов). Қазіргі шақта Базаралы келгелі бір жұмадай болса да, оны қала ішінде қарсы алған көңілдес ағайын күндіз-түн қонақ етеді (М. Әуезов). Бұны жақтыртпаған сыңай танытып Ақан далаға беттеді (Ғ. Мүсірепов).

6-тапсырма. Мәтінді мәнерлеп оқы.

Бабалар аманаты

   Ата-бабаларымыздың ұғымында адамдардың жұлдыздары әр алуан, бірінікі біріне ұқсамайды. Кейбір жұлдыздар – топырақ, кейбірі – су, енді бірі – от, тағы бірі – ауа, жел сипаттас болып келеді. Бұл адамның мінезін, арадағы қарым-қатынасын белгілейді. Мысалы, жұлдызы су текті адам жұлдызы от текті адаммен жараса алмайды. Бір-бірімен тіл табыса алмайтындарды «жұлдызы жараспады» деп, өмірі өш болып жүретіндерді «бұлардың жұлдызы қарсы» дейтіні осы жұлдыздарға байланысты түсініктерден шыққан. Адам тағдырын жұлдызбен болжап айту, көріп-келдік жасау Шығыс әлемінде баяғыдан бар. Жерді анаға теңеген халқымыз суды да ертеде «Су-ана» деп қастерлеген. Анасыз адамның өмірге келмейтіні секілді, су жоқ болса, өмір сүру де жоқ. Қазақ ұғымында суға жуынды төгу, дәрет сындыру қылмыс, күнә саналады. Су таза. Оның тазалығын сақтау өмір-тіршілікті сақтау екенін бұрынғы замандарда өткен ата-бабалар жақсы түсініп, бізге өсиет еткен. «Таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген», «Сулы жер – нулы жер», «Бұлақты жер – құрақты жер», «Толысып аққан дария – мейірбанды қария», «Жылай-жылай құдық қазсаң, күле-күле су ішерсің» деген мақалдар бар. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деп тыйым айтады. «Сумен ойнама, батарсың», – деп сақтандырады. «Тау мен тасты су бұзар», – деп судың ғаламат күшін ұқтырады. Шошынып ауырған адамды сумен ұшықтап емдейді. Бұл күні бүгінге дейін ел ішінде жалғасып, өз пайдасын көрсетіп келеді. «Сулы жер құрақсыз болмас, таулы жер бұлақсыз болмас», – деп су бар жерде сұлулық, тіршілік бар екенін түсіндіреді. Суды қадірлеп, бағаламаған ел апатқа, азапқа ұшырайтынын тіршілік тәжірибелері адамға көрсетіп-ақ келеді. «Судың да сұрауы бар», «Аққан судың да тоқтауы бар» деп халық көрегенділікпен айтқан.

(З. Ахметова)

7-тапсырма. Мәтінді көшіріп, қарамен жазылған сөздерден кейін жақша ішіне тиісті сұрау есімдіктерін жаз.

   Сусыз тіршілік жоқ, ол бүкіл тірі жан иесінің бойында бар. Тамақсыз бірнеше күн өмір сүруге болады, ал сусыз көп уақыт өмір сүру мүмкін емес. Алайда, ішуге жарамды таза су Жер бетінде барған сайын азайып бара жатыр. Адамдар суды өнеркәсіп қажетіне көп пайдаланып, оны өндіріс қалдығымен ластауда. Біз су құнды байлығымыз екенін ұмытпауымыз керек. «Судың да сұрауы бар» дегендей, су сарқылмасын, тоқтамасын, азаймасын десек, еліміздегі су қорын көздің қарашығындай сақтағанымыз абзал.

8-тапсырма. Суға қатысты тыйым сөздердің мағынасына талдау жаса, пікіріңді дәлелде.

9-тапсырма. Өзіңе «Мен судың қадірін білемін бе?» деп сұрақ қой. Өз пікіріңді дәлелде. Дәлеліңде есімдіктерді қолдан.

Бірінші сөйлем. «Менің ойымша …»
Екінші сөйлем. «Себебі мен … деп түсіндіремін».
Үшінші сөйлем. «Оны мен мынадай … әрекеттеріммен дәлелдей аламын».
Соңғы сөйлем. «Осыған байланысты мен … деген шешімге келдім».

10-тапсырма. «Ішуге жарамды таза су жер бетінде барған сайын азайып бара жатыр» деген тұжырыммен келісесің бе? Келісу/келіспеу эссесін жаз.

Эссе шарттары:
✓ Кіріспе бөлім: судың адам өміріндегі маңызы
✓ Негізгі бөлім: таза су мәселесі
✓ Қорытынды бөлім: өзіндік ұсыныс, пікір

11-тапсырма. «Шығу парағын» пайдаланып, төмендегі сұрақтарға жауап бер.

1. Бүгін не үйрендің?
2. Тақырып бойынша қандай сұрақтарың бар?
3. Келесі сабақта қандай мәселелерге көңіл аудару керек?

×
×

Корзина