ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫ

Суреттерге, ондағы ұлттық нақыштарға назар аударыңдар. Өз пікірлеріңді айтыңдар.

1-тапсырма. Мәтінді тыңда.

2-тапсырма. Ал енді ойланып көр. Қайсы балада қанша асық бар екен?

3-тапсырма. Төмендегі сөздерді қазақтың ұлттық ойындарымен байланыстырып сөйлем құра.

Еркін, әскерше, тез, жылдам, бірге, шапшаң.

4-тапсырма. Сын-қимыл үстеуі қолданылған сөйлемдерді көшіріп жаз.

1. Қайрекең миығынан күліп, қомақталып алды (Ғ. Сланов). 2. Оспанмен оңаша сөйлесті (М. Әуезов). 3. Бұл әншейін жол-жөнекей айтылған сөз (С. Мұқанов). 4. Мен балаша сақ-сақ күлдім. 5. Қасына қайта отырғызды (Ғ. Мүсірепов). 6. Шу дегенде болатын тосырқаулық та, салқын сыпайыгершілікпен амандасу да біржола жойылды (М. Иманжанов).

5-тапсырма. Мәтінді оқы. Жұптарыңмен бірге 5 минутта мәтіннен үстеудің мағыналық түрлерін немесе етіс жұрнақтарын табыңдар. Әр жұп келесі жұпқа өздері терген мысалдарды дәлелдеп түсіндірсін.

Асық ойыны

   Асық ойыны – қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық үй ішінде де, далада да, күндіз де, түнде де ойналады. Ойынға тегіс немесе тақыр жерлер таңдалып алынады. Асық ойындарының ежелден қалыптасқан дәстүрі бойынша үй ішіндегі ойындар және дала ойындары болып екі топқа бөлінеді. Үй ішіндегі ойындарға 4–5 баладан артық қатыса алмайды. Үйде қағу, қаржу, қарпу, шерту ойындары ғана, ал далада атыс ойындары ойналады. Бұған 5–10 және одан да көп бала қатыса алады.
   «Хан» («Ханталапай»). Ойынға екі және одан да көп бала қатыса алады. Әр бала кемінде 5–10 асықтан шығарады, яғни 5 бала қатысатын болса, барлығы 25–50 асық қосылады. Мұның сыртында бір бояулы (қызыл не көк) асық «хан» болып белгіленеді. Ойынға тегіс орын алынады.
   Балалардың әрқайсысы бір асықтан алып қосып, оны біреуі шашады. Ойын шарты бойынша кімнің асығы бірінші «тәйке» немесе «алшы» түссе, ол бірінші, екінші түскені екінші, үшінші түскені үшінші, тағы солай кезектесіп ойынды бастайды. Алғаш кезек алған бала барлық асықты қос уысына жинап алып шашып жібереді. Егер «хан» басқа бір асықпен жанасып (тиіп) жатса, «ханталапай» болады. Бұл жерде бір бала «ханталапай!» деп қалуы керек. Сол сәтте балалар асықты талап алады да, санайды. Алған асық санымен ұпай шығады. «Хан» кімнің қолында болса, келесі ойынды сол бастайды. Мұнда біреуі ұтып, біреуі ұтылып отырады. Ұтыс ойын аяғында шығады. Әрине, оны әр бала өздері санап отырады.

(Балалар энциклопедиясынан)

6-тапсырма. Мәтін бойынша сұрақтарға жауап бер.

• Тағы қандай қазақтың ұлттық ойындарын білесің?
• Асық ойынының қандай ерекшеліктері бар екен?

7-тапсырма. Сөйлемдерде кездесетін орфографиялық қателерді емле, ережелерге сүйеніп түзетіп, көшіріп жаз.

   Қазақтың ұлттық ойындары – ежелгі заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауұық түрлері. Бүгіңгі бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінте біздің заманымыздан бұрынғы І мыңжылдықда қалыптасқан. Тоғызқұмалақ, қуыршақ, асык ойындары Азия елдерінте тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерте кеңінен тараған. Ұлттық ойындарды меңгеру барысында балалар мен жасөспірімдер әртүрлі жаттығу жасау арқылы денесін шынықтырады, ой-өрісін дамытады. Қазақ ұлты негізінен, орпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына зор мән берген.

(Балалар энциклопедиясынан)

8-тапсырма. Көп нүктенің орнына сын-қимыл үстеулерін дұрыс қолданып, сөйлемдерді толықтырып жаз.

9-тапсырма. Суреттерді байланыстырып әңгіме құрап жаз. Өз сөзіңде сын-қимыл үстеуін қолдан.

10-тапсырма. Кестедегі ақпаратпен таныс, ойды жалғастырып жаз. Қазақ ұлттық ойындары қандай іс-қимылды, қасиеттерді дамытуға баулитынын айтып бер.

11-тапсырма. Энциклопедия немесе «Қазақтың ұлттық ойындары», «Қазақтың салт-дәстүрлері» кітаптарынан қазақ ұлттық ойындары туралы деректер жина. Тұсаукесер дайында.

12-тапсырма. Өткен сабақтарды есіңе түсір, тапсырманы орында.

13-тапсырма. «Төрт сөйлем» тәсілін пайдалана отырып, сабақ бойынша түсінгеніңді жаз.

Пікір. Оқыған мәтін бойынша өз пікіріңді бір сөйлеммен жаз.
Дәлел. Өз пікіріңді бір сөйлеммен дәлелде.
Мысал. Пікіріңді өмірмен байланыстырып бір мысал келтір.
Қорытынды. Тақырып бойынша қорытынды жаз.

×
×

Корзина