Жақсы мен жаман
Диқан атызға бір түп гүл әкеліп отырғызды. Гүл күннен-күнге тамыр жайып,гулеп өсе берді.
Бір күні:
– Әй, сен көп асқақтама! Әлі өмірге келгеніңе өкінетін боласың, – деген дауысқа жалт қараса, төменде ұсқынсыз тырбық шөп басын қылтитып тұр екен.
Гүлдің көңілі ортайып, жабырқап қалды. Бірте-бірте солып, сарғая бастады. Амалсыз жанындағы өзінен жасы үлкен гүлге басын сүйеді.
– Жабырқама! Сабыр ет! – деп жұбатты ол. – Адамдар оны «арамшөп» деп атайды.Одан әлі-ақ құтыламыз. Жамандардың өмірі қашан да қысқа. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ғой.
Үлкен гүлдің айтқаны рас болды. Ертеңіне адам келді де, арамшөпті тамырымен бірге жұлып тастады.
Гүл қайтадан құлпырып өсті. Көп сырды ұқты. Өмірде жақсылар да, жамандар да бар екен.
Балтабай Әділовтан