Нүсіпбек «мұндай шатаққа қаламын» деп ойламаған еді. Жап-жаңа маңайында тірі жан жоқ болатын.Енді, міне, өзін төрт-бес баланың қалай қоршап алғанын білмей де қалды. Ішіндегі үлкендеуі келе сала Нүсіпбектің зақпысын жұлып алды.
Қалғандары жұдырығын түйіп:
– Кептерді неге атасың?! – деп төніп тұр.
– Жо-жо… жоқ… ме-ме… мен… – дей берді қорқыпкеткен Нүсіпбек.
Осы кезде қастарынан бір әйел өтіп бара жатыр еді.
– Өй, мынау – біздің Нүсіпбек қой! Балалар, қоя тұрыңдар. Бұларың – не? – деді ол.
Бейтаныс балалар Нүсіпбектен екі-үш адым кейін шегініп, «әнеки, көріңіз» дегендей, төмен қарады. Көрші әйелмен көзі түйісіп қалған Нүсіпбектің ақ сұр жүзі қызарып кетті. Енді ол тап алдында қанатымен жаны ышқына жер сабалап жатқан көк кептерге қарады. Құс көзін бір ашып, бір жұмады. Түрі сондай аянышты.
– Обал-ай! Неге аттың? – деді әйел.
Нүсіпбек үн қатпай, басын төмен салып тұра берді. Балалар жарыса сөйлеп, көрген-білгенін айта бастады.
– Нүсіпбектің бұрын ондайы жоқ еді. Мұнысы бір тентек баладан үйренгені шығар?! Бұл – менің көршім. Кейін мұнымен өзім сөйлесемін, шешесіне де айтамын. Ал енді тараңдар! – деді әйел.
Алайда балалардың үлкендеуі әйелден Нүсіпбектің аты-жөні мен оқитын мектебін сұрап алды. Сонансоң ол еңкейіп, шала-жансар кептерді қолына алды да «жүріңдер» дегендей, жолдастарына иек қақты. Олардың артынша әйел де кетті.
Сопиып жалғыз қалған Нүсіпбек айналасына жалтақтап, досы – Аймағанды іздеді. Ұшты-күйлі жоқ.
Жаңағы көрші әйел – Зияда апай. Аймаған – соның баласы. Ол кейіндеу келе жатыр еді. Сірә, істің насырға шапқанын көрген соң, зытып отырған ғой. Досын төрт-бес баланың қоршап алғанын көре тұра, кетіп қалғаны қалай? Әлде шешесінен қорықты ма екен? Олай дейін десе, Аймағанның істейтіні – ылғи осы. Адамға алдап-сулап, қоярда-қоймай бірер нәрсе істетеді де өзі зытып тұрады. Бар айтары: «Көргем жоқ, білгем жоқ». Іс насырға шауып бара жатса: «Бүлдірген – Нүсіпбек қой. Жазығым – қасында жүргенім бе?» – деп, ақталып шыға келеді…
Осы кезде Аймаған бір жуан еменнің тасасынан шықты.
Нүсіпбек мән-жайды қысқаша айтып беріп еді.
– Өй, зақпыдан айырылып қалғаның қалай?! – деп дүрсе қоя берді Аймаған.
Нүсіпбек оның өзіне кінә арта бастап еді, – Аймаған әңгіменің бағытын өзгерте қойды:
– Жарайды, Нүсіпбек. Айтысып не керек осы?!
Зақпыны қойшы, тәйірі. Менде резеңкесі де, дайынағашы да бар. Қазір-ақ жасап аламыз. Жүр біздің үйге.
Әй-шай жоқ, білегінен ұстап, жетелей жөнелді.
Үйіне келген соң Аймаған үстелдің үстіне резеңке, аша ағаш, қайшы, жіп әкеліп қойды. Өзінше көңілді, Нүсіпбектің ұятқа қалғанымен жұмысы жоқ.
Оның қылығына үнемі шыдап келген Нүсіпбектің тап осы жерде шыдамы таусылды. Резеңкені қайшымен турап-турап, аша ағашты қолымен екі бөліп, еденге атып ұрды.
– Мә, саған зақпы! – деді де үйден шығып жүре берді.