– Мен саған көп кітап алдым, – деп қуантты қарт немересін.
Атасы алған кітаптарды көріп шыққан Сәлім:
– Әттең, бір кітап есіңізде болмаған екен! – деді.
– Ол – қандай кітап еді? Мүмкін, мынау шығар? – деп қарт төсқалтасынан алып, манағы жұқа кітапшаны көрсетті.
– Нақ өзі! – деді бала қуанып, – мұны неге бөлек алып қалдыңыз?
– Бұл – саған емес, өзіме алынған кітап.
Бала атасының бетіне таңдана қарады.
– Неге қарайсың?
– Сізге өзім оқып бермеймін бе?
– Оқуын оқып бересің, ал сақтауын өзім сақтаймын…
– Ал менде тұрса қайтеді?
– Бұл – өте қасиетті кітап қой, балам. Сенде тұрса – әркім ұстап, кірлетіп, тоздырып тастауы мүмкін.
– Ой, қызық екенсіз, ата! Бізге бүгін осы кітап бойынша сабақ басталды. Ал сіз «сақтап қоям» дейсіз…
– Әрине, оқуыңа болады. Тек ықтияттап, кітапты тоздырмай ұстау керектігін айтып отырмын.
– Оқымай, құр сақтағаннан не пайда?! – деп қалды Сәлім.
Қартқа немересінің мына аңғал айтып қалған сөзі түрпідей тиді.
– Өзім оқымасам, оқытпаймын ба саған, оқытпаймын ба басқаға?!
Атасының жаратпай қалғанын аңғарған бала да өз ойын айқындауға асығып:
– Біреу оқып берген, қанша дегенмен, адамның өзі оқығандай болмайды ғой. Мен соны айтам, – деді атасының қас-қабағына қарап.
Қарт бұл сөзге жауап іздеп әуре болмады. Қаршадай немересі – Сәлім айтса да, тауып айтылған пікір сияқтанды.