Мен қазір Астанада – бас қалада тұрамын, бірақ алыстағы балықшы ауылында туып-өстім. Кісінің тұрған жері де туған жерің сияқты көзге жылы, көңілге ыстық көрінеді. Адам баласы ешқашан кіндік қаны тамған жерін ұмытпайды. Сондықтан қайда жүрсең де, алпыс екі тамырың бүлк- бүлк етіп, «туған жер, туған жер» деп соғады.
Менің туған жерімде аңқылдаған, ақжарқын, қарапайым ауыл адамдары өмір сүреді. Сен оларды мейлі көр, мейлі көрме. Сен оларды мейлі біл, мейлі білме. Бірақ сенің де оларды іштей жақсы көретініңді сеземін. Өйткені олар туған жерді гүлдендіру үшін оның топырағына тер төгіп, күндіз-түні тыным таппай еңбек етеді. Ол, бәлкім, ауыл сыртындағы қоңыр төбеде күнде-күнде қой жайған қойшы болар. Ол, бәлкім, көк теңізден күнде-күнде балық аулаған балықшы болар. Ол, бәлкім, қара жерге дән сеуіп, маңдай терімен жылда-жылда астық өндірген диқан болар. Олардың бәрі – ел игілігі үшін еңбек ететін туған жердің түлектері.