Қоршаған ортаға қамқорлықпен қараудың мәні

СЕН:
– өзіңнің қай жерде екеніңді қалай анықтауға болатынын есіңе түсіресің.
– қоршаған ортаны ластанудан сақтаудың алдын алу шараларын үйренесің.

Есіңе түсір!

Өмірде бізге жергілікті жерді бағдарлау қажеттілігі жиі туындайды. Қалада, ауылда, табиғатта болған жағдайда айналаңды бағдарлауда көмектесетін заттарды таңда. Сенің таңдауың неге осы заттарға түскенін түсіндір.

Бақылау,
зерттеу

Келесі беттегі суретке қарап, қазақтардың ертедегі негізгі кәсіптерін ата. Олар төрт түліктің қандай түрлерін өсірумен айналысқан? Маусымдық жайылымдардың қандай түрлерін білесің? Суретте жұрт қайда көшіп барады?

Жетісу қазақтарының көші. Н. Хлудов

  Көшпелілер үшін табиғат туған үйіндей болған. Олар жер жағдайын жақсы меңгергендіктен адаспай жол таба білген. Жылдың қай мезгілінде болмасын жол табу олар үшін еш қиындық туғызбаған. Өздерін табиғаттың бір бөлшегі санаған. Біздің бабаларымыз табиғатпен үйлесімді өмір сүріп, оның сұлулығына сүйсіне білген.
  Олар көк майсалы далаға, тауларға, өзендер мен көлдерге қамқорлықпен қараған. Қиын кезеңдерде жан сақтау үшін табиғаттан тек керегін ғана алған. Бабаларымыздың бұл табиғатқа деген қамқорлығы – біз үшін үлгі.

  Бүгінде көп нәрсе өзгерді. Үлкен қалалар бой көтерді, зауыттар мен фабрикалар, шахталар мен кеніштер пайда болды. Техникамен жабдықталған адам баласы енді табиғатқа тәуелді емеспін, одан күштімін деген ойға келді. Алайда уақыт өте келе адамдар табиғатқа билік жүргізе алмайтынын, керісінше оған зиянын тигізіп жатқандығын түсінді. Сөйтіп, адамның іс-әрекеті салдарынан Жер бетінде экологиялық проблемалар пайда болды. Төмендегі сызбаға қарай отырып, соларды айтып бер.

Сұхбат, талқылау

Экологиялық проблема – бұл адамның табиғатқа жасаған іс-әрекеті салдарынан пайда болған қоршаған ортадағы қауіпті өзгерістер.

Сұрақтар мен тапсырмалар

Табиғатпен қалай үйлесімді өмір сүруге болады? Оған қалай көмектесеміз?

  Бүгін біз жерастынан газ, мұнай, көмір өндіре отырып, қарапайым энергияны қолданамыз. Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесіне су, жел, Күн энергиясын қолданатын елдер қатысты. Ондай энергияның маңызын дәлелдеп көріңдер. Ол үшін түйін сөздерді пайдаланыңдар: экологиялық таза, қолжетімді энергия, қоршаған ортаға зиянсыз.

Сұхбат, талқылау

  Ал енді қоқыстарға байланысты проблеманы шешуге тырысып көрейік. Біз өмір бойы түрлі заттардың ортасында өмір сүреміз. Олардың біреулерін күтіп сақтаймыз да, келесі біреулерін ойланбастан лақтырып тастаймыз. Кез келген зат ерте ме, кеш пе, әйтеуір қоқысқа тасталады. Қоқыс көлемі ірі қаланың әр тұрғынына шаққанда жылына шамамен бір тоннадан айналады.

Ойланып жауап бер. Қоқысқа қатысты мәселе неге
экологиялық проблемаға айналды?

Бүгінде тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдалану мәселесі аса маңызды. Ондай жағдайда шикізат үнемделеді және қоршаған орта қоқыс қалдықтармен ластанбайды.

Пластик бөтелкелерді, істен шыққан электр лампаларын, газеттер мен тіс щеткаларын тұрмыста қайта пайдалану тәсілдерін ойлап табыңдар.

Жұптық жұмыс

Шығармашылық жұмыс

Мынадай сұрақтар бойынша постер құрастырыңдар:
– Сендердің өлкелеріңде қандай мәдени дақылдар өсі- ріледі?
– Төрт түліктің қандай түрлері бар деп айта аласыңдар?

– Қосымша әдебиеттің көмегімен экологиялық проблемалардың біріне талдау жаса. Ол не себепті пайда болған? Оның адамға тигізетін зиянды салдары қандай?
– Проблеманы шешудің жолдарын ұсын. Ғаламтордың көмегіне сүйеніп, бұл проблема қалай шешіліп жатқанын біл. Ол шаралар сенің ойыңмен сәйкес келе ме?
– Өз қорытындың мен ұсынысыңды сыныптастарыңа айт. Оны бәрің бірге талқылаңдар.

Сұхбат, талқылау

×
×

Корзина